Құқық қорғау органдары

Пәтер ұрлығының алдын алу

 

 

Жыл басынан 114 петропавлдық сенім телефонына қоңырау шалып, үйдің маңайын торуылдап жүрген сезіктілер туралы жедел хабар берген. Осындай ақпараттың арқасында 37 құқық бұзушылық анықталды. Бұл “Көршілер бақылауы” бағдарламасының нәтижесі дейді тәртіп сақшылары. Сондықтан полиция өкілдері атам қазақтың ең алдымен үйді емес, көршіңді сатып ал деген қағидасын ұстанған дұрыс дейді. Аталмыш бағдарламаның тиімді тұстарына қазір тұрғындардың көзі жетіп отыр. Тәртіп сақшылары түсіндіру жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Бұл жолы олар Бөкетов көшесінің тұрғындарымен кездесіп, әрбіріне үйіндегі қымбат дүние-мүлікті ұрылардан сақтау жайлы айтып жүр.

 

Лидия Морева, ПИК төрайымы:

-Біздің аумаққа бекітілген учаскелік инспекторларға алғысымды айтамын. Олар үйлер мен ауланы тиянақты күзетіп, әрдайым пәтер иелері кооперативінің төрағаларымен байланысты үзбейді. Егер де бір жағдай туындап қалса, оны тез арада бірлесіп шешуге көмектеседі.

 

Пәтерді ұры-қарылардан сақтаудың тағы бір оңтайлы әдісі – арнайы күзет ұйымының дабыл жүйесін орнату дейді тәртіп сақшылары. Бүгінде бұндай құрылғыны 556 пәтердің иелері орнатқан екен.

 

Имамбай Жомартов, СҚО ІІД мемлекеттік күзет қызметі бөлімінің басшысы:

-Қаламызда 7 ұйым пәтер күзетумен айналысады. Тұрғындардың жедел хабары тікелей орталықтандырылған пультке келіп жетеді. Оны ести салысымен, оқиға орнына жедел жететін мобильді топ құрылған. Тұрғындарға айтарым, егер де көрші үйдің маңайын торуылдап жүрген сезікті жанды байқасаңыз, бірден бізге хабар беріңіз.

 

Жалпы жыл басынан бері Петропавл қаласында ірілі-ұсақты 195 пәтер ұрлығы тіркелді. Оның 10 жағдайында сұғанақтар үйдің ішіне терезе арқылы кірген. Ал, 6-ауында есікті бұзбай, құлпына кілт жаратқан.

 

Берік Қасен