Денсаулық сақтау

Облыстық ауруханада енді бүйрек тасын отасыз шығару әдісі қолданылады

 

 

Алтынай Боранбаева урология бөлімшесіне сәуірдің 2-сі күні түскен. Оның бүйрегінде тас жиылып қалған екен. Бұған дейін аудандық ауруханада біраз емделген ол, кейін жолдамамен облыстық ауруханаға келіпті. Қазір Алтынай Боранбаева мұндағы жаңа қондырғының көмегімен емделуде, бұл оның 4-ші сеансы.

 

Алтынай Боранбаева:

-Аппарат өте жақсы. Мен операция жасайды деп ойлап келгем. Бірақ мына қондырғы жақсы болды. Түк сезбейсің.

 

Бұл қондырғының бөлімшеде орнатылғанына 10 күн ғана болыпты. Литотриптер отасыз бүйрек, несеп жолдарындағы тастарды уатуға мүмкіндік берген.

 

Юрий Глебов,облыстық аурухананың уролог-дәрігері:

– Аппараттың өзінің рентген құрылғысы бар. Сол арқылы тастың қай жерде екенін және оның өлшемін анықтауға болады. Тастарды уату электротолқындар арқылы жүргізіледі. Бір сеанс 30-40 минутқа жалғасады.

 

Айта кету, керек мұндай аппарат осыған дейін еліміз бойынша Елордалық емдеу мекемелеріне ғана жеткізіліпті. Енді солтүстікқазақстандық дәрігерлер де өз жетістіктерімен қуана алады.

 

Александр Ли, облыстық аурухананың урология бөлімшесінің меңгерушісі:

– Қазір аталмыш аппараттың көмегімен 7 адам ем қабылдап жатыр. Олардың 2-уінің тасы өздігінен жойылса, тағы 1 емделушінің тастары зәр шығару мүшелері арқылы түскен. Жалпы бұл аппарат несеп жолдарымен шыға алмайтын үлкен тастарды, ұсақтатады. Жиылған тас біртіндеп кішірейіп, өзі шығады.

 

Емдеу мекемесі литотриптерді лизинг арқылы 49 млн теңгеге алған.

 

Юрий Белоног, облыстық аурухананың бас дәрігері:

-Қаржылық лизинг арқылы солтүстікқазақстандықтар енді ешқайда бармай-ақ өзімізде ем қабылдау мүмкіндігіне ие болып отыр. Алдағы уақытта аталмыш бағдарлама арқылы тағы да қондырғылар алуды жоспарлап отырмыз.

 

Бұл құрылғы қаржылық лизинг бағдарламасы аясында алынған 17-ші қондырғы. Жалпы облыстық аурухана аталмыш жоба бойынша 2011  жылдан бері 287 млн. теңгеге түрлі құралдар сатып алған.

 

Мағжан Ахмадина