Қоғам

Кедергісіз болашақ

Тұрақты еңбекпен қамтылған Игорь Удиловтың жасы 26-да. Бұған дейін еш жерде еңбек етпеген ол қызметті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі арқылы тауып отыр. Сөйтіп, І топтағы мүгедек ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап қала әкімінің аппаратына инспектор ретінде алынған. Жас жігіт мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жатқанына өте қуанышты. Сондай-ақ Игорь салауатты өмір салтын ұстанып, спорт залына жиі барып, денесін шынықтырады екен.

 

Игорь Удилов, Петропавл қалалық әкімдігі аппаратының инспекторы:

– Менің міндетім облысымыз жайында БАҚ жарияланып жатқан барлық материалдарды жинақтау. Жұмысым қиын емес. Өзіме өте ұнайды. Маған көмектескен жандарға алғысымды айтамын.

 

Дәл осы жерде ІІІ топтағы мүгедек Александр Ламанов та еңбек етеді. Ол жер қатынастары бөлімінде техникалық қызметке осыдан 1 жұма бұрын орналасқан. Арнайы техник-механик мамандығы бар азамат әзірге уақытша жұмыс істеуде. Арнайы курсты меңгерген соң, мемлекеттік қызметке орналассам дейді.

 

Александр Ламанов, Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің техникалық қызметкері:

– Бұған дейін бір-екі жерде еңбектеніп, азын-аулақ ақша тауып жүрдім. Жұмыс өте қиын болатын. Ал, мұнда компьютермен жұмыс істеймін. Бәрі көңілімнен шығады. Ұжымымыз да жақсы.

 

Бүгінгі күні Петропавлда 9 768 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың тек 200-ге жуығы ғана жұмысқа орналасуға өтініш білдірген. Нәтижесінде 132 мүмкіндігі шектеулі азамат еңбекпен қамтылды.

 

Эльмира Қайыпова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Үстіміздегі жылдың 26 ақпанында алғаш рет Петропавлда мүгедектерге арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Онда қаламыздың 24 кәсіпорны қызмет орнын ұсынған болатын. Нәтижесінде 28 адам қоғамдық жұмысқа тартылса, 9-ы  әлеуметтік қызметпен, 83-і тұрақты еңбекпен қамтылды.

 

Сәуірдің 14-інде қалалық мәдениет үйінде мүгедектерді жұмыспен қамту үшін кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді.

 

Бану Ахметова