Без категории

Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу

 

Ер есімі – ел есінде! 6637 әскери бөлім алдындағы саябақта 5 жыл бұрын мына обелиск бой түзеді. Ескерткіште 17 қазақстандық жауынгердің есімі мәңгіге қашалып жазылған. Олар ТМД-ң шеткі шекарасының тыныштығын сақтаймын деп интернационалдық борышты орындау кезінде ерлікпен қаза тапты. Қайсар отандастарымызды еске алуға жиналғандар обелискіге гүл шоқтарын қойып, бейбіт өмірде опат болған ұландардың рухына тағзым етті.

Алғашқы гүл себеті – облыс әкімінің атынан. Бұдан кейін қызыл қалампыр ұстаған қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер мен жастар легі ұзын-сонар кезек құрды.

Бұл күні табиғат та боздақтарын жоқтаған сыңайлы. Ауа райы тылсым мінез танытты. Аспан күңгірт шалып, қар аралас жаңбыр жауып тұр. Еске сала кетейік, 100 адамнан құрылған біріккен рота 1995 жылдың көктемінде Шымкент қаласында құрылған. Батальон  бірнеше әскери тапсырманы бұлжытпай орындаған. Қазақстандық сарбаздардың сәуірдің жетісіндегі соңғы 20-шы сапарлары қайғылы аяқталды. Кенеттен бастан-аяқ қаруланған саны мен күші басым душпандар шабуыл жасапты. 4 сағатқа созылған нағыз қанды ұрысқа айналған шайқаста 17 отандасымыз қаза тауып, 33 жауынгер жарақаттанды. Аслан Рамазанов құрбан болған жерлестерінің орнын толтырып, маңызды қызметін жалғаған сардарлардың бірі.

Пшихавр шатқалында ерен ерлік танытқан ротаның қайсар сарбаздары 1-ші дәрежелі “Үздік әскери қызметі үшін” медалдарымен, мемлекеттік “Айбын” кеуде белгілерімен марапатталды. Борыштарын өтеуде жан аямаған жауынгерлер бүгінгі сарбаздарға үлгі.

Ауған-Тәжік шекарасынан үйлеріне қайтпаған жауынгерлерді еске алу құрметіне бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Кейін ескерткішке жиналған өңір оқушылары 6637 әскери бөлімінде сардарлардың өмірімен танысты. Саяхаттан соң болашақ отан қорғаушыларға әскери патриоттық әндер шырқалған концерт ұйымдастырылды.

Батыр жауынгерлердің құрметіне әскери бөлімдердің аумағында ескерткіштер тұрғызылды. Көшелерге олардың есімдері берілді. Аудандарда саябақтар ашылды.

 

Жеңіс Ермұқанов