Спорт

Петропавлда грек-рим күресінен ел чемпионаты өтті

Дәулет Дәрібаев – Ақтөбе облысының намысын арқалап келген палуан. 59 жастағы спортшы боз кілемде екі кездесу өткізіп, қарсыластарының жамбасын жер иіскетті. Ал ақтық сында жерлес палуанымен белдесіп, ұпай санымен жеңіске жетіп отыр.

“Бәрін айт та, бірін айт”. Жарысты тамашалаушылар солтүстікқазақстандық спортшы мен тараздық спортшының тартысын асыға күтті. Екеуі бір-бірін бұрыннан біледі.

Боз кілемде палуандардың осал еместігі бірден байқалғандай, екі спортшының жинақтаған тәжірибелері баршылық. Дегенмен, 27 жастағы оңтүстіктің спортшысы тиімді әдістерді орынды қолданғанның арқасында жеңіске жетті.

Ел чемпионатына Қазақстанның әр жерінен 13 команда келген екен. Олар 8 салмақ дәрежесі бойынша белдесуде.

Чемпионатқа барлығы 120-дан астам палуан қатысқан. Солтүстікқазақстандық бозкілем шеберлері де жүлдеден құр алақан қалған жоқ. 66 келі салмақта алтын алқаға Данияр Каленов қол жеткізсе, 98 келі салмақта екінші орынды Жанарбек Ғабдолов қанжығалап, 3-ші орынға қалған 4 спортшы жайғасты. Жарыста топ жарған мықты спортшылар алда өтетін Азия чемпионатына қатысып, Қазақстан атын шығармақ ниетте.

Бақыт Сәдуақасов