Білім

Оқушылар ұлттық нақышта безендірілген мектеп киімінің үлгісін жасады

 

Ғылыми жоба тақырыбы “Заманауи киім үлгілерін ұлттық нақышта безендіру” деп аталады. Мұнда қазақстандық оқушылардың бірыңғай мектеп формалары мен сәнді көйлектердің үлгілерінің сызбасы көрсетілген. Барлық киімдер қазақтың ұлттық ою-өрнегімен безендірілген. Бұл ғылыми жобаның авторлары №7  орта мектептің 8 сынып оқушылары Ангелина мен Юлия. Олар осы еңбектерімен қалалық сайыста 2-орынды жеңіп алыпты. Енді  оқушылар өз бақтарын сәуірдің 6-сы мен 13-і аралығында өтетін республикалық инновациялық жобалар байқауында сынап көрмек.

 

Ангелина Олесеюк, №7 орта мектептің 8 сынып оқушысы:

– Қазақстан тарихы сабағында біз қазақ халқының ою-өрнектері жайында жиі айтамыз. Сондықтан маған мектеп формасы мен сәнді көйлектерге ою-өрнекті қоса тігіп, безендіру идеясы келді. Біз Қазақстанда тұратындықтан өзге елдерден айрықшаланып тұруымыз қажет сияқты. Осы ою-өрнекпен тарихымызды оқушылардың арасында кеңінен насихаттай аламыз.

 

Бұл жобада оқушылардың бірыңғай мектеп формасы және сәнді киімдердің 20 үлгісінің сызбасы көрсетілген. Барлығы қазақтың ою-өрнегімен безендіріліп сызылған.

 

Юлия Дроздецкая, №7 орта мектептің 8 сынып оқушысы:

– Біз өз киім үлгілерімізді қазақтың ою-өрнегімен безендіре отыра жасыл, көк, күлгін және қара түстерді пайдаландық. Яғни, бастауыш, орта және жоғарғы сынып оқушыларының мектеп формасы осындай түстерде болады.

 

Жобаның жетекшісі – Наталья Яворская. Тарих пәнінің мұғалімі мақсатқа жету үшін 1 жыл уақыт жұмсағандығын айтады.

 

Наталья Яворская, №7 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі:

– Қазақтың ұлттық ою-өрнегі – біздің құндылығымыз. Сондықтан оқушылар өз жобаларын терең зерттеді. Сөйтіп, көйлектердің жағасы мен жеңі, юбкалардың етегі және белбеулерді ұлттық ою-өрнекпен безендіріп, біріңғай мектеп формасынның үлгілерін жасады.

 

Бұдан кейін Ангелина мен Юлия “ҚР мектеп формаларының киім үлгілері” атты сайтты ашуды жоспарлап отыр.

 

Бану Ахметова