Ауыл шаруашылығы

Делдалдарсыз сату тиімді

Әдеттегідей сенбі күні коммуналдық базардың сауда нүктелері халық күнделікті тұтынатын азыққа толып-ақ тұр. Сөрелерге жайылған бұл тауар түрлері әлеуметтің қалтасын қақпайды. Өйткені делдалсыз тікелей жеткізілген.

Сондай-ақ Қызылжар және Аққайың аудандарының тауар өндірушілері де төл өнімдерін қойған. Қара мал, қой, шошқа еті 870-1000 теңге арасында саудаланды. Балықтың түр-түрі де жәрмеңкеден орын тепті. Енді ауланған су жәндіктерінің келісі 200 теңгеден. Жұмыртқаның ондығы 150-ден қойылыпты. 1 литр сүт -110, қаймақ 680 теңгеден. Омарташылар да бал өнімдерінің бар түрін жайып салған. Дерттерге шипа боларлық дәруменге толы табиғи таза дүниені 900-ден 1000 теңгеге дейін сатып алуға болды. Құнарлы топырақта шыққан бақша дақылдары да лезде тарап кетті. Картоп пен қызылша 60 теңгеден өткізілді. «Дария» базарында да ауыл шаруашылығының өнімдерін 15-20 пайызға кем бағаға сатып алу мүмкіндігі жасалды. Ондағы сауда нүктелері М. Жұмабаев ауданына берілді.

“Карона” сауда үйінде де бірінші кезектегі азыққа деген сұраныс жоғары. Таңсәріден сауда қызу жүріп жатыр. Талғамға сай таңдау мол. Жерлестеріміз құны қалта қақпайтын дүниелерді пышақ үстінен бөліп әкетіп жатыр. Нағыз сыншы тұтынушыларды делдалсыз жеткізілген өнім бағасының төмендігі мен сапасы қуантты.

Жалпы қаланың әр жерінде қанат жайған жәрмеңкелерде 7 млн. 100 мың теңгенің өнімдері сатылыпты. Барлығы 5 тонна ет, 8 тонна сүт өнімдері, мың келіден артық балық, 500 келі көкөніс өткізілген.

 

Жеңіс Ермұқанов