ТЖ

Су басу қаупі бар ауылдардың тұрғындары көшірілуде

Себеп – Ақмола облысының Сілеті су қоймасынан 105 млн текше метр су жіберілген. Аталған елді мекенде аудандық жедел штабы құрылып, Қараталдың 176 тұрғыны Қулыкөл ауылына көшірілді. Қоныс аударғандар туыстары мен мектепке жайғастырылып, тамақ жағы ұйымдастырылды. Сонымен қатар Қулыкөл ауылының шетінде орналасқан үйлерді де су басу қаупі бар. Сондықтан шеткері орналасқан тұрғындар ауыл орталығына ығысты. Аталған аудандарға апаттық құтқару құрылымдары, аэроұтқыр отрядынан 120-ға жуық адам мен қажетті техникалар жұмылдырылды. Арнасы суға толуға жақын Сілеті өзенінің деңгейін көршілес Павлодар облысы да бақылауға алды. Су деңгейіне мониторинг жүргізетін 3 арнайы бекет орнатылды. Жалпы өңірде 81 үйді су басқан, барлық жағдайда суды сору шаралары орындалыпты.

 

Берік Қасен