Білім

Солтүстікқазақстандық оқушылар республикалық олимпиадада үшінші орынды иемденді

 

Диана Төлепова республикалық олимпиадаға орыс тілінен қатысқан. Бұл оның осы дәрежедегі алғашқы сайысы емес. Сондықтан оқушы бар білген-түйгенін ортаға салып, 40-қа жуық қарсыласын артқа тастапты.

 

Диана Төлепова,Ә. Досмұханбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы:

-Біздің алғашқы турдағы тапсырмаларымызды өзгертті. Мазмұндама жазу керек болатынбыз. Кейін эссе берді. Соны жақсы орындап, мен бірінші турда үздіктер қатарынан көріндім. Екінші турдың тапсырмалары аса қиын болмады.

 

Ал Камила Ткаченко қазақ тілін жақсы біледі. Ол білім сайысына орыс тіліндегі мектеп атынан барыпты. Жерлесіміз 3-ші орынға тұрақтаған.

 

Камила Ткаченко,облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ- түрік мектеп-лицей интернатының 10 сынып оқушысы:

-Мен республикалық олимпиадаға бірінші рет қатысып отырмын. 3-ші орын алдым. Ендігі жылы 1-ші орын аламын деп үміттенемін. Ол үшін жыл бойы жақсы дайындалып, бар күш-жігерімді жұмсаймын.

 

Шымкентте өткен олимпиадаға еліміздің түкпір- түкпірінен 500-ден астам оқушы қатысқан. Ал теріскей намысын қорғауға 29 шәкірт аттаныпты. Нәтиже жаман емес. Қоржынымызда 3 алтын, 3 күміс, 8 қола медаль және 1 грамота бар. Ал жалпыкомандалық есепте жергілікті оқушылар 3-ші орыннан көрінді.

 

Шекер Жандосова, СҚО білім басқармасының бас маманы:

-Халықаралық және республикалық олимпиадалардаларға 120 оқушы қатысты. Қоржынымызда 7 алтын, 16 күміс, 27 қола медаль бар. Бұдан басқа 7 грамота мен бір оқушымыз грант жеңіп алды.

 

Келесі жылы республикалық білім бәйгесі Павлодар қаласында өтпек.

 

Мағжан Ахмадина