Спорт

Петропавлда шағын футболдан ашық турнир басталды

40 жастағы полиция капитаны Ғазиз Байтасов 2011 жылдың қарашасында Тараз қаласында қауіпті қылмыскерді ұстау барысында қаза тапты. Ол лаңкестің қолындағы гранатаны халыққа қарай лақтыруға жол бермей, өз денесімен жауып қалған. Ел қорғаған азаматтың есімі Қазақстан полициясының тарихында мәңгілікке сақталады дейді тәртіп сақшылары.

 

Ақан Қажкенов, СҚО ІІД бастығы:

-Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған ашық турнирді біз осымен теріскейде 2 жыл өткізіп жатырмыз. Және бұл жарысты дәстүрге айналдырмақпыз. Осы арқылы біз кейінгі жас толқынның да спортқа және өмірге деген қызығушылығын арттырамыз деген ойдамын.

 

Ғазиз Байтасовқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Батыл офицердің артында екі ұлы қалған. Олар былтыр Петропавлдағы турнирдің ашылуына Тараз қаласынан арнайы келіпті. Биыл ондай мүмкіндік болмағандықтан, жарысқа қатысушыларға таспаға жазылған бейнежолдауы ұсынылды.

Халық қаһарманын еске алу кешіне ІІД-нің ардагерлері, Петропавл қаласының құрметті азаматтары мен елге еңбегі сіңген спортшылар жиналды. Олар батыр ұлдарын 1 минут үнсіздікпен еске алып, турнирге қатысушыларға жылы лебіздерін білідірді.

Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған шағын футболдан турнир екі күнге жалғасады. Онда құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарынан жасақталған 8 команда шеңбер бойынша өзара мықтыны анықтайды.

 

Берік Қасен