Әр түрлі

Петропавлда ресейлік цирк тобы өнер көрсетуде

 

Петропавл қаласына Ресей елінен “Легенда” шапито циркі келді. Бағдарламада леопардтар, маймылдар, 300 жасқа келген Галлопогос тасбақасы, АРА тотықұстары, сонымен қатар әуе гимнасшылары бар. Цирк өнерін тамашалау үшін «Жастар» стадионының алаңына қаламыздың кішкентай тұрғындары жиналды.

 

Андрей Капран, “Легенда” циркінің директоры:

-Петропавл қаласына осыған дейін келгенбіз. Репертуарымыз түбегейлі ауысты. Цирк әртістерін де алмастырдық. Біз үшін бүгінгі күн өте маңызды. Өзім  қожайын болған соң қобалжып тұрмын.

 

Сахнаға ең бірінші болып, әуе гимнасы Денис Овчиренко шықты. Ол өзінің иілгіштігімен көрермендерді таң қалдырды. Ал нәзік жанды гимнаст Лилия Халикова алаңда сақтық белдігінсіз кенеп мата арқылы өзінің жаңа қойылымын көрсетіп ерекшеленді. Бұл қиын элемент тұңғыш рет “Дю Солей” канадалық циркінде болған еді.

Барлық эквилибристер – бұрынғы спортшылар, әлем чемпиондары. Кейбіреулері Корея елінде жұмыс атқарып, өткен жылы неміс циркінде “Раммштайн” тобымен бірге сахнаға шыққан.

 

Вячеслав Маковецкий,   “Легенда” циркінің әртісі:

– Отанымызға оралып, біздің цирк өнерін әлемдік деңгейге жеткізіп, үлес қосқымыз келеді. Бұл көріністі 6 күн ішінде дайындадық, өздеріңіз көріп тұрғандай, көрермендерге өте ұнады.

 

Түрлі аңдардың қатысуымен жүргізілген қойылымдар кішкентай көрермендердің жүрегіне жол тапты. Ал испан  ешкісі көрерменнің көзайымына айналды.

– Бізге қойылым өте ұнады. Балам, қуаныштан қол соғып отырды.

– Маған иттер өте ұнады.

 

“Легенда” циркі Петропавл қаласында 13 сәуірге дейін болады, содан кейін Көкшетауға сапарын жалғастырады.