Бизнес және экономика

Мамлюттік кәсіпкерлер үшін семинар ұйымдастырылды

Александр Цимерман жеке ісін енді бастаған жас кәсіпкер. 7 рет өлшеп бір рет кесуді талап ететін бизнестің қыр-сырын жетік біле қоймағандықтан былтыр мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгініпті. “Бизнестің жол картасы” жобасымен оқытылып, кейін ойын іске асыру үшін жеңілдетілген несие рәсімдеген. Нәтижесінде бүгін мамлюттіктердің сұранысына ие жиһаз цехын басқарып отыр.

 

Александр Цимерман, кәсіпкер, Мамлют ауданы:

-Кейін үкімет арқылы 1,5 млн теңгенің несиесін алдық. Жылдық үстемеақы 6-ақ пайыз. Өте тиімді, әрі қол жетімді. Ісімізді оңалтып алғанша тек мөлшерлемені өтейміз. Кейін 4 жыл негізгі қарызды жабамыз. Алған ақшаға жаңа болмағанымен жұмысқа аса қажет құрылғылар сатып алдық. Тапсырысты тасымалдайтын «Газель» автокөлігін иемдендік.

 

Бұрындары тапсырысты орындау үшін облыс орталығында эскиздер бойынша материал әзірлеу керек болатын. Қазір келіп түскен құрылғылардың көменгімен шикізатты өңдеуден бастап дайын жихаз жинауға дейінгі бар жұмыс бір цехта атқарылады.

Есесіне өнімділікте 2 есеге артқан. Сапа жағы да ақсап тұрған жоқ. Өзге бәсекелестерінен кем емес. Қызмет құны аудан бойынша ең төмен бағаланады екен. Үй шаруашылығына қажетті корпустық жабдықтардың кез келген түрлері шығарылады. Сұранысты қанағаттандыруға үлгермейтін болған соң Алексей қасына көмекші алған.

 

Александр Поправкин, жиһаз жинау шебері, Мамлют ауданы:

– Цех ашлып жаңа жұмыс орны пайда болғанын естідім. Мүмкіндікті пайдаланып екі қолға бір күрек тапқаныма қуаныштымын. Өйткені тұрақты табыс көзінсіз көп отырдым. Тапсырыс бағасының 10 пайызы маған тиеді. Жанұямды асырауға жеткілікті. Жихазды екі аптаның ішінде жинап береміз. Күн санап қызметімізге жүгінетіндер артып келеді.

 

Алексей болашақта кәсібінің іргесін кеңейтуге мүдделі. Сондай-ақ төл өнімдерін саудалайтын жихаз дүкенін ашпақшы. Ойын жүзеге асыру үшін мемлекеттің демеуіне тағы сенім артып отыр. Сол себепті, ол аудан орталығына ат басын тіреген кәсіпкерлікті қолдаудың мобильдік тобының кәсіби кеңесіне жүгіну мүмкіндігін қалт жібермеді. Мұнда ауылдықтар бизнесті дамытуға арналған үкіметтік бағдарламалар жөнінен кеңірек таныстырылды. Биыл ғана екінші деңгейлі қаржы институттарынан рәсімделген несиелерін субсидиялауға 10 кәсіпкер өтініш берген. Сұрауларын үйлестіру кеңесі мақұлдапты.

 

Мұратбек Сердалинов, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының маманы:

– Бизнеске енді келген кәсіпкерлерге “Стартап”, “Халық бизнес старт” бағдарламалары бар. Ол арқылы жеке кәсіп ашу мен іс жүргізу бойынша түрлі қолдау қарастырылған. Сондай-ақ әлеуметтік маңызды деген ұшқыр жобаны бастаған азаматқа 3 млн теңгенің қайтарымсыз грантын береміз.

 

Жиында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры да өз бағдарламалары жайлы айтып берді.

 

Зейнеп Рахымбекова, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ директоры:

– Үстіміздегі жылы “Егінжай” бағдарламасына қатысуға болады. Былтыр көктемгі дала жұмыстарына 150 млн теңгенің жеңілдетілген несиесін бердік. 6 млн теңгені 36 айға дейін алуға болады. Биыл 220 млн теңгеге 52 өтінішті құптадық. Сондай-ақ “Кәсіпкер” жобасы бойынша жеңілдіктер қарастырылған.

 

Жалпы былтыр мамлюттіктердің бастамасын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан 37,8 млн теңгенің демеуі жасалыпты. Биыл 30 тапқыр осындай қолдау арқылы жаңа ісін ашуға үмітті. Ол үшін 70 млн тг қарастырылып қойылған. 60 пайызы ауыл шаруашылығын дамытқысы келсе, өзгелері қызмет түрлерін ендірмекші. Кездесуге асыққан Алексей Цимерманның талпынысы бекер болмады. Өзге де жаңалықтардан құлағдар болған оның ойына енді бір тың жоба келді.

 

Александр Цимерман, кәсіпкер, Мамлют ауданы:

-Жиһаз жинау ісін бір жолға қойып, мал шаруашылығымен қатар айналыссам деймін. Ол үшін түрлі бағдарламалар бар. Жеріміз құнарлы, шөбіміз шүйгін. Шұрайлы аумақта мал азығынан қам жемейміз. Ерінбей еңбектену керек Тек ірі қара сатып алудың тиімді жолдарын қарастырған дұрыс. Ауылда ерінбегенге жұмыс табылады.

 

Мобильді топ ай бойы өңіріміздің әр ауданына шығып шалғайдағы ауылдарды аралайтын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов