Денсаулық сақтау

Емханаларда кезек көп

Рейд таңғы сағат 8-ден басталды. Ең алдымен партиялықтар қалалық балалар емханасына барды. Мұндағы ақхалатты абзал жандар облыс орталығының кішкентай 23 мың тұрғынына медициналық көмек көрсетеді. Күніне емхананың дәрігерлері 500 баланы қабылдайды екен. Кадр тапшылығы байқалмайды.

 

-Кезек түтіп көп тұрмаймыз. Бәрі көңіл көншітерлік.

– Соңғы кездері медициналық қызметкерлердің жұмысы сапаланып келетіндігі қуантады.

 

Ұзын-сонар кезекте тұрғандар да байқалмайды. Бәрі талон алып уақытылы дәрігерлердің қабылдауына кіріп жатыр. Балалар травматолог-ортопеді  Амангелді Мұхамеджанов күніне 20-50 шақты баланы қабылдайды. Өңірде сынықшы дәрігерлер тапшы көрінеді. Бар-жоғы 3 балалар травматологы бар екен.

 

Амангелді Мұхамеджанов, қалалық балалар емханасының балалар травматолог-ортопеді:

– Дәрігерге тек алдын ала жазылғандарға ғана емес, бізге келген барлық тұрғындарға көмек көрсетуге тырысамыз. Әсіресе ауыр жарақат алғандарды бірінші қабылдаймыз. Өкінішке қарай балалардың дені ортопедиялық патологиямен ауырады. Осының салдарынан ұзын-сонар кезекке тұрып жатады. Негізі облыс бойынша 12 травматолог- дәрігер болуы тиіс.

 

Ал келесі 2-ші қалалық емханада керісінше. Кезек күтіп тұрғындардың қатары жетерлік. Тар көлемді дәрігерлер де тапшы екен. Жеңілдікпен берілетін тегін дәрі-дәрмектер де жеткіліксіз. Бұл проблемаларды емхананың қызметкерлері былайша түсіндірді.

 

Алтын Оспанова, №2 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі:

– Тегін берілетін базалық дәрі-дәрмектерді барынша үлестіріп жатамыз. Кейде дәрігерлер емделушілерге бірнеше дәрі-дәрмекті жазып береді. Оның кейбірін тұрғындар өздері сатып алып жатады. Ал, кадр тапшылығына келетін болсақ, невропатолог, көз дәрігері, дәрігер-зертханашы, хирург – бұл мамандардың мәселесі қазір шешілуде.

 

Бүгінгі күні 2-ші қалалық емхананың дәрігерлері солтүстікқазақстандықтардың 57 мыңнан астамына медициналық қызмет көрсетеді. 25 участок жұмыс істейді. Қала тұрғындары ем алу үшін ұзын-сонар кезек күтеміз, талон бітіп қалып жатады, осы жағы бізді алаңдатады дейді.

 

-Бірінші, кезек күтіп тұрамыз. Екіншіден дәрі-дәрмек жетіспейді. Өз қалтамыздан ақша шығарып сатып аламыз.

– Таңертең ерте келіп, кешке бір-ақ кетеміз. Өзім мүгедекпін.Тіркеу орынында көз дәрігері мені 22-ші сәуір қабылдай алатынын айтты. Ал, менің тез арада ота жасатуым керек.

 

Партиялық комиссия мүшілері рейд барысында екі емханада кездескен проблемаларды тізіп, алдағы уақытта мәселенің түйінін тарқатуға тырысатындықтарын жеткізді.

 

Ақжүніс Мұсырман, “Нұр Отан” партиясы СҚОФ партиялық бақылау комиссиясының инспекторы:

-Сирек кездесетін дәрігерлердің кейбірі жұмыс орнында жоқ болып шықты. Және жұмыс кестесіне сай тұрғындарды қабылдамайды. Әлеуметтік қызметкерлер де тиісті орыннан табылмады.

 

Алдағы уақытта “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы мұндай рейдтерге жиі шықпақ. Дәл осындай шаралар аудандарда да жүргізілетін болады.

 

Бану Ахметова