Спорт

Солтүстікқазақстандық қыздар көркем гимнастикадан Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді

 

Олеся Колышева көркем гимнастикаға 9 жасында келген. Жаттықтырушылардың айтуынша, ол кезде баланың шеміршектері иілуге келмей, біраз қатайып қалады екен. Сондықтан алғашында Ольесяға жаттығулар оңайға соқпаған. Десе де ол үлкен талпыныстың арқасында бәрін тез үйреніп алды. Көркем гимнастикамен 6-шы жыл қатарынан айналысып келеді. Сондықтан болар әр қимыл-қозғалысында мін байқалмайды. Әрі музыканың ырғағына сай еркін қозғалады. Қазір 14 жасар Олеся көркем гимнастикадан спорт шеберлігіне үміткер. Ол үстіміздегі жылдың ақпан айында көркем гимнастика бойынша юниорлар арасында өткен 13-ші Азия чемпионатына қатысты. Малазия еліндегі додаға Қазақстан атынан барған 5 қызбен бірге көпсайыста 3-ші орынға қол жеткізді.

 

Олеся Колышева, көркем гимнастикадан ҚР спорт шеберлігіне үміткер:

-Біз үшін жарыстың бірінші күні сәтті өтті. 2-ші күні дайындығымыз жақсы болса да бойда аздап қобалжу пайда болды. Содан болар командалық сайыста 3-орыннан ғана көріндік. Мен өз басым бапкерімнің сенімін ақтап шыға алдым.

 

Спортшыны соңғы 2 жыл бойы білікті бапкер Екатерина Блинова жаттықтырып келді. Әр шәкіртім жеңіске жеткен сайын қанаттана түсемін. Жұмысқа деген құлшынысым да артады дейді ол.

 

Екатерина Блинова, бапкер:

-Азия чемпионатында біздің құрама келесі жарыстарға лицензия алмаған болатын. Ал, оны ұтып алған өзге елдер көркем гимнастикадан әлемдік, халықаралық жарыстарға қатысудан бас тартыпты. Енді олардың лицензиясы бізге берілді. Сондықтан алда бізді күшейтілген жаттығулар күтіп тұр.

 

Олеся Азия чемпионатында командалық көпсайыстан бөлек жекелей сынға да қатысып, 1-ші орынан көрінді. Жеңімпаз бұл жетістігімен тоқталмақ емес.

 

Олеся Колышева, көркем гимнастикадан ҚР спорт шеберлігіне үміткер:

-Алда жоспарым көп. Тамыз айында жасөспірімдер арасында олимпиадаға қатысамын. Рио-де Жанейро қаласында өтетін чемпионатта бағымды сынамақпын.

 

Қазіргі таңда көркем гимнастика бөлімінде 185 спортшыны 12 бапкер жаттықтыруда. Мұнда 6 мен 18 жас аралығындағылар көркем гимнастикамен тегін айналысады.

 

Берік Қасен