Қоғам

Биылғы көктемде 600 солтүстікқазақстандық жігіт әскер қатарына алынады

 

Әлихан Байкенов – Солтүстік Қазақстан  кәсіби- педогогикалық колледж түлегі. Петропавлдық болашағын әскери қызметпен байланыстырғысы келеді. Мақсатын орындау үшін бозбала алдымен отан алдындағы борышын өтеп қайтуға бел буыпты. Сондықтан өз еркімен әскери комиссариатқа келіп отыр. Міндетін абыройлы орындауды көздеген жігерлі жасқа ынта мен құр талпыныс аздық етеді. Әлихан қарулы күштер қатарына алынбас бұрын міндетті түрде бастан аяқ тексерістен өтуі тиіс. 10 дәрігер болашақ сарбаз денсаулығының жарамдығын байқайды.

Әлихан сынды шымыр денелі, денсаулығы болаттай берік бетке ұстар ел қорғаушыларын іріктеу бұнымен шектелмейді. Арнайы сынақ сұрақтары арқылы ой-өрісінің деңгейі тағы анықталады. Ол ниет танытып отырған шекара сақтығын күзетуге 200-ге тарта адам таңдалады. Олар еліміздің оңтүстігі мен шығысындағы бекеттерге мықты қалқан құруға жөнелтіледі.

Сайдың тасындай іріктелген сұңғақ бойлы, тепсе темір үзер 16 жерлесіміз республикалық гвардияға аттанады.

 

Расин Мусаев, 0112 әскери бөлімінің қызмет басшысы, Астана қаласы:

– Біздің қатарға қабылданғандар өзімен мақтануға болады. Өйткені таңдау шектеулі. Біріншіден ел аумағында 5 жыл тұруы тиіс. Орта кәсіптік білімі болуы шарт. Оған қоса жақсы физикалық дайындығы, мен бойы 175 см кем болмау керек. Кейін бізде қалса көтерме ақы беріліп, қомақты жалақы алады. Баспанамен қамтимыз. Әлеуметтік пакетіміз өте жақсы.

 

Жалпы көктемгі әскерге шақыру науқанында 600-ге жуық солтүстікқазақстандық бозбала еліміздің қарулы күштерінің қатарын толықтыратын болады. Негізінен олар ІӘ, әуе қорғанысы, ТЖМ жүктеген міндетті орындауға қабылданбақ.

 

Игорь Четверев, СҚО қорғаныс істері бойынша департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

– Сонымен қатар келісім шарт бойынша әскери қызметке іріктеу жұмыстары жүріп жатыр. 250-ге тарта үміткердің 140-қы сынақтан сүрінбей өтті. 12-сі қызметтеріне кірісіп кетті. Жоғарғы әскери оқу орындарына түсемін дегендер де бізге жүгіне алады. Ол үшін бүгіннен қалмай құжаттарды жинастыру керек.

 

1 жыл бойы бейбіт аспанымыздың тыныштығын қорғайтындардың алғашқы легі сәуірдің 20-сы күні борыштарын өтеуге аттанады.

 

Жеңіс Ермұқанов