Ауыл шаруашылығы

24 мың саяжай учаскесі иесіз қалған

 

Осы кезде петропавлдық саяжайшылардың бастары ылғи қосылады. Өйткені қордаланған сауалдар жетерлік. Бүгіндері қалалық саяжайшылар бірлестігінде 136 серіктестік бар. Ол дегеніміз 47 600 саяжай учаскесі. Десе де осы көп жер телімдері мақсатты пайдаланылмайтын көрінеді. 24 мың учаске мүлдем бос жатыр. Бұл жөнінде қалалық саяжайшылар бірлестігінің төрағасы Виктор Балинко баяндады.

 

Виктор Малинко, қалалық саяжайшылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– 92 саяжай бірлестігі сумен қамтылған. 72-не жарық тартылған. 110-да тәулік бойына күзет қойылған. Саяжайлардың 80 пайызында тас жол бар. Бірақ сапасы сын көтермейді. Мемлекет тарапынан қолдау қажет.

 

Бүгіндері 5 саяжай серіктестігін электр жүйесімен қамтып отырған желілерді жөндеу қажет болып тұр.

Жер қатынастары заңнамаларына байланысты сұрақтар көптеп туындайды екен.

– Бос жатқан учаскілер көп. Құжаттарды жинап халыққа қызмет көрсету орталығы мен жер комитетіне бірнеше мәрте жүгіндік. Көбіне иесі тіркелмеген деп қайтарып жібереді. Анықтама қағаздарын сіздерге әкелсек, меншік иелері табылып қалады. Бұны қалай түсінуге болады.

 

Тілеубай Есжанов, Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

– Жер кадастрларында 80 жылдары тіркелген жер телімдері көп. Заңды түрде иесі бар. Бірақ оларды іздеп табу мүмкін болмай отыр. Сондықтан бос жатқан учаскілер көп.

 

Әбден тозған жолдардың жағдайы да тым өзекті. Жылда жөндеу жасалғанымен мәселе оңалатын емес. Былтырғыдай саяжайларға 13 бағытта қоғамдық көлік қатынайтын болады.

 

– 1 мамырдан қазан айына дейін жолаушылар тасымалымен айналысатындар қызмет көрсетеді. Бірақ ол аздық етіп отыр. Автобустар сәуірдің 15-нен бастап жүрсе дейміз.

 

Төлеген Закариянов ұсынысты қарайтындығын жеткізді. Қала әкімі бірінші кезекте жер телімдерінің дұрыс пайдалануын қадағалау керектігін айтты.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Саяжайлардағы жер телімдерінің 50 пайызы мақсатсыз пайдаланады. Бізде 48 мың учаске тіркелген. Оның 24 мыңындағы жер мүлдем өңделмейді. Көбі бел жазбай еңбектенгеннен дайын өнімді базардан алу оңай деп санайды. Жерлер бос тұрмауы керек. Біреуге қажет болмағанымен өзгелері зәру ғой.

 

Абаттандыру ісі баршаға ортақ міндет. Шаһар жетекшісі саяжайшыларды өзіне тиесілі аумақпен қатар маңайды тазалықта ұстауға шақырды. Сондай-ақ жиында Қызылжар ауданында көшеттер егетін питомник құру мәселесі талқыланды.

Жеңіс Ермұқанов