Қоғам

Сотқа үйден шықпай-ақ арыздануға болады

 

 

Өңіріміз республика бойынша алғашқылардың бірі болып электрондық өтініштерді қабылдау жүйесіне көшкен болатын. Электрондық цифрлық қолтаңбасы бар және электрондық үкімет порталында тіркелген кез келген солтүстікқазақстандық талап-арыз бере алады.

 

Нүрия Малдыбаева, Петропавл қалалық №2 сотының төрайымы:

– Ол үшін ҚР Жоғары сотының «Электрондық қызметтер» бөліміне кіріп, арнайы үлгіні толтыруы қажет. Жауапкердің тіркелген немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша аудандық сотты таңдап, арыз мазмұнын, істің дәрежесін және бекітілген мемлекеттік баж салығының көлемін көрсету керек. Үлгіні толтырған соң талапкер талап арызға өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасын қояды. Бұдан соң талапарыз сотқа жіберіледі. Бұл жүйе арқылы уақыт үнемдеуге болады.

 

Электрондық нұсқада берілген талап-арызды сот тіркеген соң бес жұмыс күні ішінде қарайды. Сот қарауына алынған өтініштің бұдан кейінгі жағдайын сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-сараптамалық жүйесінен білуге болады. Бірақ бұл тиімді жобаны өкінішке қарай, қазіргі күні қолданып жатқандар некен-саяқ. Жыл басынан Петропавл қалалық №2 сотына электрондық портал арқылы тек бір ғана арыз-шағым келіп түскен екен. Мамандар алдағы уақытта да бірнеше тың жүйелерді ендіруді көздеп отыр.

 

Нүрия Малдыбаева, Петропавл қалалық №2 сотының төрайымы:

-Қызметттер көлемін арттыру жоспарланған. Алдағы уақытта электрондық портал арқылы өтініш берген адам электрондық нұсқада сот шешімін, мұрағаттық көшірмелерді ала алатын болады.Тағы өзге де өтініштерді бере алады.

 

Жалпы жыл басынан бері Петропавл қалалық №2 сотына 2208 өтініш келіп түссе, соның 1916-ы қаралған.

 

Мағжан Ахмадина