Денсаулық сақтау

Солтүстік Қазақстанда санитарлық авиация қызметі қайта жанданды

 

Санитарлық-авиация қызметіне Ақжар ауданынан жедел шақырту келіп түсті. Онда бір науқастың миындағы қан айналым жүйесі бұзылған, ал жергілікті дәрігерлер науқасқа қандай да бір көмек көрсетуге қауқарсыз. Науқасқа медициналық көмек көрсетуге облыстық аурухананың невропотологы Дмитрий Харламов ұшпақшы.

 

Дмитрий Харламов, облыстық аурухананың невропотологы:

-Біз Талшық ауылына көлікпен барсақ 3,4 сағат жоғалтар едік, ал мынау тікұшақпен әлдеқайда тез жетеміз. Мен вертолетпен 1-ші рет ұшайын деп тұрмын.

 

Тікұшақты Игорь Демешко басқарады. Оның биыл авиация саласында жүргеніне 23 жыл толды. Ол Талшық аулындағы науқасқа жету үшін тікұшақпен 1 сағат 10 минут ұшып баруы қажет. Бірақ қарсы соққан желдің әсерінен 5-10 минутқа кешігетін түріміз бар дейді.

 

Игорь Демешко, ұшқыш:

Тікұшақ басқаруға ыңғайлы, жеңіл. Сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұшады. Көп дегенде 6000 шақырымға дейін ұша алады. Бұл ұшақпен күн райына қарап жолға шығамыз. Қатты жауын-шашындарда, түнгі уақытта ұшпаймыз. Қарсы беттен соққан қатты жел де тікұшақ жылдамдығына әсер етеді.

 

«Калибри -ЕС 120Б» нұсқасындағы тікұшақ 12 жыл бұрын Франциядан сатып алынды. Техника көкте 3 сағат бойы тоқтаусыз ұша алады.

 

Азиз Тобықбаев, СҚО бойынша санитарлық авиация қызметінің инженер-механигі:

-Тікұшақтың құрал-саймандары өзіміздің қоймамызда бар. Ал жетпегенін арнайы тапсырыспен Франция елінен алдыртамыз. Олар 2 аптада немес 1 ай ішінде жеткізіледі.

 

Ғ.Мүсірепов пен Уәлиханов аудандары облыс орталығынан алшақ жатыр. Аталған аудандардың елді мекендеріне жету үшін дәрігерлер жолда 1,5 сағат уақытын жоғалтады. Кейде ауа райының нашарлығынан жедел жәрдем көлігімен жетуге тура келетін кездері де болады екен.

 

Дина Ашимова, СҚО бойынша санитарлық авиация қызметінің үйлестірушісі:

-Санитарлық авиация қызметі үстіміздегі жылдың 8 наурызынан жұмыс істеп тұр. Содан бері 8 рет аудандарға ұштық. Оның 2 жағдайында дәрігерлер сол арада ауруларға ота жасады. 1 жүкті әйелді қалаға жеткіздік. 5 рет аудан дәрігерлеріне көмекке жеттік.

 

Өңіріміздегі саниатарлық авиация қызметі толығымен 2011-15 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылады. Біздің облысқа 1 тікұшақ бөлінген. Оның аспанда бір сағат ұшқанына 250 мың теңге қаражат жұмсалады.

 

Берік Қасен