Бизнес және экономика

Облыста” Бизнес-Кеңесші” жобасы басталды

 

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жеке ғимараты былтыр жыл соңында қолданысқа берілген. Өз ісін ашқысы келетін ынталы жерлестеріміз осында бизнес жүргізудің қыр-сырын меңгере алады. Биылғы белсенділердің алғашқы легі жаңа нысанның оқыту сыныбында заман талабына сай жетілдірілген бағдарламаның мүмкіндігін сынап көруде. Тыңдаушыларға кәсіби білікті кеңесшілер дәріс оқып, бай тәжірибелерімен бөліседі.

 

Ирина Васильева, “Бизнес-Мастер” консалтингтік компаниясының директоры:

-Бизнес ашуға ниеттілерге арналған жаңа бағдарлама. Өміршең жобаны таңдаудан бастап, кәсіпкерлікті ұтымды жүргізуге машықтаймыз. Бизнес-жоспар құру, маркетингпен, қаржыны дұрыс реттеу, несиені таңдай білу мен заңгерлік аспектілерді үйретуге тырысамыз. Декларация толтырып, жеке құраммен жұмыс жасаудың амал-тәсілдерін түсіндіреміз.

 

Шеберлік сабақтары екі күнге жоспарланған. Осы уақыт ішінде нарық қатынастарының тиімділігі, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың жаңаша тетіктері егжей-тегжей түсіндіріледі. Бастамасын табысты етем дегендер негізінен біліктілігін іскерлік ойындар арқылы шыңдайды. Бибігүл Көкішева іскерлік қабілетін ашуға құлшыныс танытып отырғандардың бірі. Тың ойларын жүзеге асыруға ниетті азаматша курсқа М. Жұмабаев ауданы орталығынан арнайы келіпті.

Бүгінде баламасы жоқ мемлекеттік бағдарламаны меңгеру тегін түрде жүргізіледі. Оның шарапатын биыл әзірше алғашқы топтың 40 мүшесі татып отыр.

 

Ирина Васильева, “Бизнес-Мастер” консалтингтік компаниясының директоры:

-2014 жылы “Даму” қорының СҚО өкілдігінде 600-ден артық адам оқытылады деп жоспарланған. Жыл бойына тағы 19 семинар ұйымдастырылады. Игі шараға өңірдегі барлық аудандарды кірістіруге тырысамыз. Бірінші кезекте шалғайдағы ауылдарға шығу жөн болады деп шештік. Бұрыннан бері бизнесте жүргендерге де жаңаша дем беруге лайықталған оқыту бағдарламалары бар. Заманауи оқудың ол түр іде мемлекет есебінен тегін.

 

Тыңдаушыларға курстан өткендігін растайтын сертификаттар табысталады. Сондай-ақ оқу материалдары үлестіріледі. Ең бастысы қатысушы нарық заманында қажет болар білім қорын толықтырып шығады. Жалпы 2011 жылдан 2 мыңға тарта жерлесіміз аталмыш шеберлік сабақтарынан өтіпті.

 

Жеңіс Ермұқанов