Құқық қорғау органдары

Келлеровкалық тәртіп сақшысы ауыл тұрғынын өрттен құтқарды

 

Келлеровка селосы тұрғындарының айтуынша, Больничный көшесіндегі үйде өрт кешкі сағат бес шамасында басталған. Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып учаскелік инспектор Нұрлыбек Жамекенов жетті. Ол тез арада есікті қиратып, отқа оранған үйден жапа шегушіні алып шыққан.

 

Нұрлыбек Жамекенов, Тайынша аудандық ІІБ учаскелік полиция инспекторы:

Іші қою қара түтінге толы үйдің ішіне кіргенде бірден еденде ес-түссіз жатқан әйелді көрдім де дереу таза ауаға шығардым.

Әзірге өрттің қайдан шыққаны белгісіз. Алайда, құтқарушылар мұны отпен абай болмаудың салдары деп топшылайды. Денесін күйік шалған әйелді жедел жәрдем қызметі аудандық ауруханаға жеткізді. Ал, қою қара түтінге тұншығып қалған полиция инспекторы Нұрлыбек Жамекеновке медбибілер сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетті.

 

Арайлым Сүйіндікова, Тайынша ауданы орталық ауруханасының терапевтдәрігері :

-Бізге түскенде әйелдің жағдайы онша емес еді. Біраз денесін күйік шалған. Сондықтан оған бірнеше күн бойы жан сақтау бөлімінде ем алуына тура келді. Бүгінде науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Денсаулығына шағымы жоқ.

 

Ирина Тривайлова, жапа шегуші:

Оқиға болардың алдында үйде жалғыз болдым. Пешті тұтатып, өзімді жайсыз сезінгендіктен кішкене төсекке барып, жантайып жата тұрайын дедім.

Енді есімді жисам жан сақтау бөлімінде жатыр екенмін. Маған ауруханаға тәртіп сақшылары мен өрт сөндірушілері келіп хал-жағдайымды сұрап білді. Мені бір полицейдің құтқарғанын айтты. Оған алғысымды айтамын.

 

Учаскелік полиция инспекторы Нұрлыбек Жамекеновтың бұл бір ғана өжет ісі емес. Ол 3 жыл бұрын өзіне-өзі қол жұмсамақ болған 40 жастағы әйелді өлімнен аман алып қалған. Келлеровка селосының тұрғындары полицейді осындай істері үшін құрметтейді.

 

Темірұлан Бәкіров, Келлеровка селолық полиция бөлімінің басшысы:

-Менің әріптесім Нұрлыбек Жамекенов көпшіл, қарапайым, Жетекшілік қойған тапсырмаларды уақытында тиянақты орындайды. Сондықтан мен оны тек жақсы жағынан ғана танып келемін.

 

Енді Облыстық ІІД жетекшілері Нұрлыбек Жамекеновты ерлігі үшін марапаттамақ ниетте ТЖД-не өтініш білдірді.

 

Берік Қасен