Бизнес және экономика

Кәсіпкерлер бизнес жүргізуді үйренді

 

Бұл асыл тұқымды Раманов қойлары. Шопан ата төлдері былтыр жазда Башқұрт елінен тікелей жеткізіліпті. Өңірімізге таңсық болғанымен жергілікті ауа райына жақсы бейімделіп алған. Бір қыстап шығып, бастары екі жарым есеге ұлғайып отыр. Әуелдегі 30 қойдың аналықтары 40-тан артық төл берген. Қозылар жылдам салмақ қосады. Етті, әрі терісі мен жүні өте бағалы. Енді жеке кәсіпкер атанған Наталья Шульц осындай жоғары өнімді Романов тұқымдастарына мемлекеттік бағдарлама арқасында қол жеткізіпті.

 

Наталья Шульц, “Шульц” ЖК директоры:

– “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында 3 млн теңгеге несие рәсімдедік. Жылдық мөлшерлеме 6-ақ пайыз. 1,5 жыл тек пайыздық үстемені төлейміз. Қалған 3 жылында негізгі қарызды өтейміз. Ол сомаға қора салып, қойлар сатып алдық. Әр аналық 5 ай сайын 4 қозыға дейін береді. Жазда бағып күтетін жайылымымыз бар. Алда мал басын ұлғайтып жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз.

 

Былтыр аталмыш бағдарламаның шарапатын 14 аққайыңдық татып көрген екен. Ауылдың белсенді еңбеккерлері 28 млн теңгеге жеке істерін ашып алған. Биылға әзірше 12 адамнан 30 млн теңгенің тапсырысы түсіпті. Ал “Бизнестің жол картасы” бағдарламасының мүмкіндігін сынауға ниет танытатындар аудан бойы табылмай отыр. Өткен уақыттарда бірде-бір өтініш түспепті аққайыңдықтардан. Соңғы 4 жылда өміршеңдігін танытқан Ұлттық жоба талай өңірлік кәсіпкердің жеке ісінің іргесін кеңейтуде демеу бола білді. Жаңа бастамаларын жүзеге асырғаны қаншама. Бизнестің қыр-сырына оқытылам дегені тегін білім алу мүмкіндігіне ие. Аққайың ауданы орталығына мемлекеттік қолдаудың тетіктерін түсіндіруге келген жұмыс тобы осындай артықшылықтарды ортаға жайып салды.

 

Құралай Жарова , СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:

– «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктерден алған несиені жеңілдетуге болады. Кәсіпкер тек үстеме ақының 7 пайызын төлейді. Өзгесін жабуды үкімет өз мойнына алады. Несие 3 жылға рәсімделеді. Жобаның 50 пайызына дейін кепілдендіру де біздің есебімізден. Биылдан ұшқыр бастамаларға қайтарымсыз грант бөлінеді. 3 млн теңгеге дейін.

 

Жалпы үкімет тарапынан 70-ке тарта демеу құралы қарастырылған. Негізінен қаржылай сауықтыру, сырттан инвестиция тартуға көмек жасау. Мәселен, экспортқа кеткен шығынның тең жартысын мемлекет мойнына алады. Әсіресе жер емген шаруаларды “Агробизнес-2020” бағдарламасының әлеуеті қызықтырды.

 

Людмила Кунгурцева, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға 16,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 1 млрд. теңгесі өсімдік, өзгесі мал шаруашылығының әлеуетін арттыруға бағытталмақ. Бұл сома былтырғыдан 1,5 есеге артық. Биылдан 1ден 3-ші сұрыпты тұқымға дейін субсидияланады. Сондай-ақ сүт пен шикізатты тасымалдау ісі, тамшылап суару, дәрілеудің бар түрі де қолдау көреді. 60 мың тонна гербицид алынады. Жанаржағармайды жеңілдетілген бағаға иемдену үшін жеткілікті қаржы құйылды.

 

Қомақты қолдау бар, тек ерінбей еңбектену керек. Қаржылық демеуден басқа бизнес нысандарының инфрақұрылымын жаңғырту ісіне де бірқатар жеңілдіктер кірістірілген. Тек үкімет жобаларына қатыстырылған кәсіпкерлерге қатысты бұл.

 

Хасип Сюникаев, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Сыртқы желілерді жоба құнының 50 пайызына дейінгі қаржы шеңберінде тартып бере аламыз. Су, жарық, кәріз бен жолды тек нысанға дейін саламыз. Инженерлік инфрақұрылымды ғимарат ішіне кіргізу, жобалықсметалық құжаттама мен мемлекеттік сараптау кәсіпкердің қаржысына жасалады.

 

Сондай-ақ жиналғандар Аграрлық несие корпорациясы, кәсіпкерлікті дамыту және ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорларының қызметтерімен таныс бола алды. Салық заңнамаларындағы соңғы жаңалықтардан да құлағдар болып шықты.

 

Надежда Лосинская, кәсіпкер:

Бизнесте жүргеніме 15 жыл болды. Фармацевтикалық кәсіппен айналысамын. Сондай-ақ шағын азық-түлік дүкенім бар. Жеңілдетілген несие рәсімдеуге үміттімін. Бүгін оның мүмкін екеніне көзім жетті. Субсидиялаудың түрлі тәсілдері бар екен.

 

Аталмыш жұмыс тобы үстіміздегі ай соңына дейін әр ауданды аралап, мемлекеттік қолдау құралдарын ауылдықтарға егжей-текжейлі түсіндіретін болады.

 

Жеңіс Ермұқанов