Қоғам

Зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақылар өсті

 

Зейнеткерлер мен көпбалалы аналарға және әлеуметтік-әлжуаз жандар тобына жататын тұрғындарға көмек көрсету бұл мемлекет басшысының алға қойған ең басты тапсырмаларының бірі. Өйткені, жуырда Ақордадағы Үкіметтің кеңейтілген алқа мәжілісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың басында көбейген зейнетақыны 14 пайызға дейін, ал әлеуметтік төлемдерді 12 пайызға дейін жеткізу міндетін жүктеген еді. Бұл 2014 жылы қаңтар айында қосылған пайыздарды қоса есептегенде. Сондықтан да қарияларымызға бұған дейін ең төмен зейнетақы 28 мың теңге төленіп келсе, сәуірдің бірінен бастап 32182 теңге алатын болады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар да назарсыз қалмайды.

Сондай-ақ, 2013 жылмен салыстырғанда қауіпті жерлерде жұмыс істегендер, соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына төленетін жәрдемақы 12 пайызға дейін өсті. Жалпы, бұл өзгеріс 20 санатты қамтып отыр. Бұл қарияларымызды тағы бір қуантып тастады.

 

Жалпы, солтүстікқазақстандықтардың 270 мыңға жуығы зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер алады.

 

Бану Ахметова