Қоғам

Владимир Эрман – облыстағы ең жас депутат

 

 

Владимир Эрман қазір мүгедектер спорты бойынша жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жерлесіміздің есімі қазір шетелдіктерге де таныс. Ол жүзуге омыртқасына зақым келіп, өз аяғымен жүруден қалған кезден ден қойған болатын. Талпынысы жемісін беріп, республикалық , әлемдік жарыстарда бірнеше рет топ жарды. Бұған дейін ол көп уақытын тек жаттығуларға ғана арнап келсе, енді қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласатын болады. Себебі қалалық мәслихатқа депутаттыққа сайланбақ болғанда, өз сайлау учаскесі бойынша тұрғындардың 76 пайыз дауысын жинады. Енді спортшы жерлестерімнің үмітін ақтауға тырысамын дейді.

 

Владимир Эрман, қалалық мәслихат депутаты:

-Маған сенім білдірген жерлестеріме шексіз алғысымды айтамын. Енді оларға іс жүзінде осы орынға лайық екенімді дәлелдеуге тырысамын. Және де спорттан да қол үзбеймін.

 

Владимир Эрман сайланған учаскелік округте 7 505 адам тіркелген. Спортшы сайлауалды науқан жүріп жатқан кезде сол ауданның тұрғындарымен кездесіп, біраз сын-ескертпелері мен мұқтаждықтарын білген екен.

 

Владимир Эрман, қалалық мәслихат депутаты:

-Мен сайланған учаскеде ескірген үйлер жөндеу көрмепті. Бұл бір. Екінші мәселе қаламызда спорт, медицинаның жағдайы онша мәз емес. Және қоғамның назарын көбірек мүмкіндігі шектеулі жандарға аудартқым келеді.

 

Владимир Эрман енді СҚО-да ең жас депутат атанды. Жаңадан сайланған депутатқа куәлік 8 сәуір қалалық мәслихат сессиясында ресми түрде табыс етілмек. Жалпы сайлау 30 наурызда еліміздің барлық аймақтарында өтті. Депуттатық мандатқа 188 кандидат үміткер болған. Елдегі сайлау қорытындысы бойынша Астана қалалық мәслихатына 1 депутат, 7-і – облыстық , 12-сі –  қалалық және 39-ы аудандық мәслихат депутаты атанды.

 

Берік Қасен