Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкімет отырысында жылу желілерін жаңғырту мәселесі қаралды

 

 

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов отырысты Қарағанды облысында орын алған төтенше жағдайдан бастады. Наурыздың 30-ы күні Бұқар жырау ауданының су қоймасында апат шықты. 60 жыл жөндеу көрмеген бөгеттен аққан су Көкпекті ауылында 100-ге тарта үйді басты. 125 адам құтқарылып, қауіпсіз аумаққа шығарылды. Өкінішке қарай 5 адамның мәйіті табылды. 26 азаматқа медициналық жәрдем қажет болған. Үкімет басшысы апат салдарын жойып, мәселені бақылау үшін арнайы комиссия құруды жүктеді. Елімізде ондай 465 гидро нысан бар. Оның 75-нің сыйымдылығы 1 млн. текше метрден асады. Серік Ахметов ТЖМ мен аудан жетекшілерін қар әбден кеткенше жағдайды ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.

Кейін жиында 2014-2016 жылдарға арналған бюджетке еңгізілген өзгерістер қаралды. Толықтыруларды үкімет мүшелері мақұлдады. Кейін 2020 жылға дейін жылу желілерін жаңғырту жоспарын талқылауға ден қойылды. Бүгінде ел бойынша 12 мың шақырымдық магистраль тартылған. Орталық жылу үлестіргіш құбырларының 80% тозығы жетіпті. Оның тең жартысы әбден ескіріп, қолданысқа жарамсыз болып қалған. Осыдан өнім шығыны артып отыр. Орта есеппен жылудың 39 пайызы тұтынушыға жетпей, сыртқа кетіп жатыр. Ұлттық жобада ысыраптың орнын толтырудың бірнеше нұсқасы көрсетілген. Алдымен пайдаланған қызмет құнынан ішінара бөлінетін сома желіні жамап жасқауға жұмсалады. Тарифтен басқа инвестициялық бағдарлама бар. Коммуналдық кәсіпорындар да өз үлестерін қосуы тиіс. Кешенді жоспардың қомақтысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының шарапатын көру. Республика бюджеті арқылы қарастырылған қаржының 10 пайызы жергілікті қазынадан құйылуы шарт. Премьер-Министр соңғыларының қатысуы 20% кем болмауы тиістігін қадап айтты. Биыл кешенді шараларға 6,1 млрд теңге қарастырылған. Жалпы алдағы 7 жылда жылу таратуды жетілдіруге 176 млрд теңге бөлінбекші. Бұл желінің тозуын 55,5 пайызға дейін төмендетпек. Сәйкесінше шығын көлемі де 2 есе қысқарады. Серік Ахметов алдағы шілде айының 1-не дейін жаңғырту жұмыстарының жоспарын құруды міндеттеді. Сондай-ақ құрылыс бағасының сәйкестігін қадағалауды тапсырды. Өйткені жөндеу өңірлерде әр қилы бағаланатын көрінеді. Мәселен, Семей қаласында 1 шақырымдық құбыр алмастыруға 67 млн жұмсалады. Қостанайда  дәл сол жаңарту ісінне 350 млн. теңге кетеді екен. Селекторлық байланыс үзілісімен көтерілген мәселелер жергілікті деңгейде талқыланды.

Өңірімізде құбыр алмастырудың құны 180 млн теңге шамасында. Желілердің тозуы 70,9 пайыз. Жылу шығыны

 

Қуандық Кеңесбаев, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры:

– Кең көлемді жаңғырту бағдарламасының үшінші нұсқасы өте тиімді. Ел қазынасынан 4 млрд теңге қарастырылады. Сәйкесінше жергілікті қазынадан 400 млн. бөлінеді. Тариф есебінен 450 млн теңге. Жалпы 2020 жылға дейін жылу желілерін жетілдіруге 29 млрд. теңге жұмсалады.

Өңір жетекшісі энергетиктерге қыстың қамын жаз ойлап қоюды тапсырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Дайындық жұмыстарын бүгіннен қалмай бастау керек. Жоспар құрамыз деп жүріп жаз өтіп кетеді. Құбырларды жаңасына алмастыру ұзақ уақытты талап ететін жұмыс. Жылыту маусымына дейін бар нысандар қысқа әзір болуы тиіс.

 

Сондай-ақ Самат Ескендіров облыстағы су деңгейін сұрап білді. Қар күрт ерігенімен әзірге қауіп төніп тұрған жоқ. Үй ішіне су енді деген келеңсіз жағдайлар тіркелмеген. Аймақ басшысы қауырт маусым бойы бар арнайы қызметтердің сақ болуын жүктеді.

 

Жеңіс Ермұқанов