Мәдениет

Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығына жаңа меңгеруші тағайындалды

 

Этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесуді Самат Ескендіров жергілікті Ассамблея хатшылығының жаңа меңгерушісін таныстырудан бастады. Президент әкімшілігінің келісімімен бұл қызметке Наиль Салимов тағайындалды.

 

Самат Ескендіров, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі:

-Наиль Салимов  1967 жылғы, Петропавл қаласының тумасы. Петропавл педагогикалық институтын тарих және қоғамтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 24 жыл бұрын №4 орта мектебінде тарих пәні мұғалімі болып бастайды. 17 жыл бойы №21 мектепті басқарды. Ол өзін тек жақсы жағынан көрсете білді, білімі мен білігінің арқасында әріптестері арасында сыйлы.

 

Наиль Салимов өз кезегінде облыс әкімі мен әріптестеріне осындай зор сенім үшін ықыласын білдірді.

 

Наиль Салимов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

-Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық қарым-қатынасты үйлестірудегі бірегей институт болып табылады. Ол бүкіл дүние жүзіне белгілі. Мен үшін Ассамблея хатшылығында әрі сіздермен бірге жұмыла жұмыс жасау – үлкен абырой. Самат Сапарбекұлы, сіз қойған тапсырмаларды барлығымыз бірігіп атқарамыз.

 

Елдегі ауызбіршілікті нығайтуда әрбір этномәдени бірлестіктің өзіндік маңызы бар. Бүгінде Ассамблея құрамында осындай 22 ұйым жұмыс істейді.

 

Самат Ескендіров, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі:

-Аудандарда құрылған этномәдени бірлестіктердің саны – 103. Сіздердің қатысуларыңызбен өткен жылы айтулы деген 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Елбасы қойған міндеттерді орындауда Ассамблеяға жүктеліп отырған сенім зор.

 

Кездесуде Самат Ескендіров Ассамблеяға қатысты жоспарлармен де бөлісті. Соның бірі – құрылысы биыл басталатын Конгресс-Холл. Сән-салтанаты жарасқан сарайда Достық үйі орналаспақ. Әзербайжан мәдениеті орталығының төрағасы Тахир Гусейнов мәдени орталықтарды облыс ансамбльдерімен біріктіру бойынша өз пікірін білдірді.

 

Тахир Гусейнов, “СҚО Әзербайжан мәдениеті орталығы” ҚБ төрағасы:

-Филармониямен бір шаңырақтың астында отыратынымызды, әрине, қуанышпен қабылдадық. Өйткені, ол ұжым – өнер саласы майталмандарының ортасы. Бірге араласып, тәжірибе алмасатын боламыз.

Ал, “Радзіма” белорус мәдени орталығының төрайымы Раиса Солопова Самат Ескендіровке соңғы уақытта қарқын алған мәдениет саласын қолдауға алғысын айтты.

 

Раиса Солопова, “СҚО “Радзіма” белорус мәдени орталығы” ҚБ төрайымы:

-Бізде симфониялық оркестр де, камералық хор да бар. Бұл біздің облысымызды жоғары деңгейге көтерді десем артық етпес. Бізге жан-жақтан опералық және вокалдық ән айтудан түрлі шеберлер жиі келеді. Керемет өнерді тамашалауға осындай мүмкіндіктердің жасалып жатқандығы қуантпай қоймайды.

 

Жақын арада сәуірдің 18-і Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті 21-ші сессиясы өтеді. Алдағы уақытта алқалы жиынға өңірден баратын делегация құрамы нақтыланбақ.

 

Данаш Хамзина