Білім

“Еңбек. Кәсіп. Болашақ”

 

Осы жолғы “Еңбек. Кәсіп. Болашақ” атты облыстық форумды Петропавл қаласының машина жасау және Солтүстік-Қазақстан кәсіптік-техникалық колледждері ұйымдастырып отыр. Басты мақсат – оқу ордасындағы мамандықтар жайлы биылғы жылғы мектеп бітіруші түлектерге барынша түсіндіру.

 

Жеңіс Әбілмәжін, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің басшысы:

-Колледж 15 кәсіп бойынша мамандарды даярлайды. Оның ішінде көбісі техникалық мамандықтар. Осыдан екі жыл бұрын мәдени-әлеуметтік қызмет және халықтық шығармашылық кәсібі ашылды. Бір сөзбен айтқанда, оқуға түсемін деушілерге түрлі мамандықтар ұсынылып отыр.

 

Мекеменің материалдық-техникалық базасы толықтай жарақталған. Машина жасау колледжінің шеберханасында токарьлық іс және металл өңдеу, электромеханикалық жабдықтар кәсібі бойынша мамандар білімдерін шыңдау үстінде. Оған қоса құрылыс мамандығына да көңіл бөлінген. Келесі бөлмеде шәкірттер аралық жасап жатыр. Жақында олар Алматы қаласында өтетін халықаралық кәсіби байқауға дайындықтарын пысықтауда.

 

Юлия Чубукова, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

-Аралықты гипсокартоннан жасап жатырмыз. Бұл байқауға өткен жылы да қатысқан болатынбыз. Онда теориялық және тәжірибелік жұмыстарды орындадық.

 

Аталмыш оқу орнын өткен жылы тәмамдаған Александр Щелкунов бүгіндері қаладағы “Северэнергоремонт” ЖШС-де еңбек етеді. Ол осы мамандықты таңдағанына еш өкінбейді.

 

Александр Щелкунов, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің түлегі:

-Машина жасау колледжін былтыр электромонтер мамандығы бойынша аяқтадым. Қазірде қаладағы кәсіпорында жұмыс жасаймын. Білімімді әрі қарай жетілдіру үшін кәсіптік-педагогикалық колледждің сырттай бөліміне түстім. Жалақым жақсы, уақытылы төлейді.

 

Сонымен қатар колледж дуальды жүйені енгізуге байланысты өңірдегі зауыттармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мысалға, бірінші курс студенттері арнайы станоктарда жұмыс істесе, келер жылы Петропавл ауыр машина жасау зауытында тәжірибе шыңдайды. Оған қоса, зауыт әр студентке жалақы төлейді.

 

Бақыт Сәдуақасов