Білім

Үздік шеберлер байқауы

Мына ас үйде бұрымдылар өздерінің кәсіби шеберліктерін тағам әзірлеуде көрсетіп жатыр. Барлығының да ас даярлауда белгілі бір тәжірибесі баршылық. Үміткерлердің бірі – Сабина Мұқанова қала мектебінен келіп отыр. Ас әзірлеуді жақында меңгере бастаған ол анасының ақыл-кеңестерін бойына сіңіруде. Шараға қатысу арқылы бойжеткен өзінің тағам даярлау шеберлігін одан әрі жетілдірмек ниетте.

Шараны ұйымдастырушылар сайыскердің ас әзірлеу шеберліктерін шыңдауды мақсат қойыпты.Оған қоса тағам дайындау бойынша аспаздар пайдалы кеңестерін беретін болады.

 

Наталья Новикова, қазылар алқасының мүшесі:

-Әр кәсіби шеберлік бойынша оқушылар өз мүмкіндіктерін көрсетті. Талпыныстары жақсы. Әр үміткер конкурс шартымен танысып, оған тыңғылықты дайындалып келіпті.

 

Ал келесі ұсталық бөлмеде мектеп оқушылары темірмен жұмыс істеп жатыр. Олар ұстаның айтқанын орындап, металл бұйымдарды қалыпқа келтіруде. Оңай емес сынға 7 адам қатысып отыр. Араларында 12 жасар Әділ Есім де бар. Оқушы темір ұсталығымен қолы бос кезінде айналысады.

Бұдан бөлек үміткерлер аяқ киім және шаштараз өнері бойынша да мықтыларды анықтауда. Аяқ киім сайысында олар декоративті және тігін машинасы арқылы үйде киетін аяқ киім тіксе, шаштаразға қатысушы оқушылар шаш үлгілері мен макияж жасауда шеберліктерін көрсетуге барынша тырысып бағуда. Мұнда сайыскерлер машықтарын танытып қана қоймай, сонымен бірге өзара тәжірибе алмасуды да көздепті. Барлық қатысушылар номинациялар бойынша грамоталармен марапатталады.

 

Бақыт Сәдуақасов