Мәдениет

Қуандық Қасымов құрметті демалысқа шықты

 

Қуандық Қасымов шығармашылық жолды көп жыл бұрын таңдаған. Кәсібіне деген адалдығы мен ерекше дарыны үшін оны жақындары да қадір тұтады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осы күні талантты жанды құрметті демалысына шығарып салуға дос-жарандары, туысқандары, оның өнерін бағалайтын жандар, әртістер мен әншілер келген.

Ескендір Елеусізов, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Кәрі деп сені ешкім айта алмайды. Әлі алар асуың алда.

 

Бұл күні сахнадан тек құттықтаулар ғана емес, естелік әңгімелер де естілді. Қуандық Ишанғалиұлы құрметті демалысына шықанымен, сүйікті ісінен әлі қол үзбек емес. Ол әлі де болса, жас дарындарға кеңес беріп, көмегін көрсетуге әзір.

Людмила Лошакованың Қуандық Ишанғалиұлымен танысқанына 40 жыл болыпты. Өнер саласындағы әріптестер бұрындары қол тимесе, енді естелік кітап шығаруға мол уақыт бар деп әзілдесті.

 

Людмила Лошакова, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі:

Ол – өте шығармашылық тұлға. Жақсы баритон дауысы бар. Барлық облыстық деңгейдегі мерекелерге қатысты. Ұйымдастырушылық қабілеті аса жоғары. Көрермендер оны ерекше ықыласпен қабылдайтын. Мен оны зейнеткерлік демалысына шығуымен құттықтаймын. Көпжылғы әріптестік үшін алғысымды білдіремін.

 

Қуандық Қасымовтың шығармашылық еңбек жолы Сергеев мектебінде музыка пәнінен сабақ беруден басталған. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, сол уақытта ол мәдениет үйінде де қызмет етіпті. Кейін Алматыда музыкалық білім алып, әскер қатарына шақыртылады. Азаматтық борышын өтеген соң, қайтадан туған жеріне оралған екен. Жаңа бастамаларды қол алуға құштар жас, сол кездері ансамбль, хор, оркестрлер ашады. Ал, соңғы 7 жылын ол С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына арнаған.

 

Қуандық Қасымов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Ұлт аспаптар оркестрін, камералық оркестр мен балеттік труппа құрдық. 46 жыл ішінде көптеген жұмыстардың басын қайырдық. Қазір жұрт біздің театрымызды біледі. Сондықтан мен осындай жақсы қызмет еткеніме өте қуаныштымын.

 

Қуандық Қасымовтың екі баласы мен немересі бар. Енді, ол көп уақытын отбасына арнамақ.

 

Мағжан Ахмадина