Мәдениет

Петропавлда Оралхан Бөкей оқуларының қалалық іріктеу кезеңі өтті

Оралхан Бөкей оқуларының қалалық іріктеу кезеңіне биыл қатысып жатқан үміткерлердің саны -10. Студент, жастардың тең жартысы мектеп қабырғасында Мағжан, Абай және Оралхан Бөкей оқуларында бақтарын сынаған. Сондықтан бұл жолы біразы қазылардың ілтипатына бөленіп, үздік үштіктің қатарынан көріну үшін байқауға бір ай көлемінде дайындалыпты.

 

Алтынай Сыздықова, Петропавл қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

-Бүгінгі байқауда үміткерлер Оралхан Бөкейдің прозалық, драмалық шығармалырынан үзінді оқиды және өзі қалаған өлеңін мәнерлеп жатқа айтады. Оларға кез-келген мәтіндері 2,3 минуттан аспауы керек деген шарт қойдық. Дайын фонограмаларды пайдалануға тыйым салынады. Және соңғы: таңдап алған шығарма үзінділерін жатқа білуі қажет.

 

Бұл жолғы сайыстың өзгешелігі сонда, былтыр Оралхан Бөкей оқуларына 15 пен 30 жас аралығындағы үміткерлер қатысса, биыл 16-20 жастағыларға ғана бағын сынап көруге мүмкіндік берілген.

 

Мырзабек Нышанбаев, ПҚЭК студенті:

Осыған дейін Абай оқуларына қатысып, жүлделі орындар алдым. Қазір енді Орал Бөкейдің оқуларына да қатысып жүрмін. Бұған мен 1 апта дайындалдым.

 

Мырзабек Нышанбаев Оралхан Бөкейдің прозалық және драмалық шығармаларынан “Сайтан көпір” мен “Қар қызынан” үзінділер жаттап келген. Іріктеу кезеңінде соны бүгін қазыларға мүдірмей айтуға тырысып бақты.

Бұл сайыста ер балалардан қыздар басымырақ түсуге тырысты.

 

Мадина Нұрмұқамбетова, Қожаберген жырау атындағы № 6 орта мектебінің оқушысы:

Дәл осы күнге жарты ай дайындалдым. Оның табиғат, адам, өмір атты шығармасынан үзінді жаттап келіп отырмын. Ең алдымен осы сайысқа мені дайындаған ұстаздарыма алғысымды айтамын. Және де олардың сенімін ақтап, жүлделі орын алуға тырысамын. Осыған барынша тырыстым, дайындалдым.

 

Көркемсөз оқу шеберлерінің саны саусақпен санарлық болса да, арасында сахнада өзін лайықты ұстай білетін және әртістік қабілеті шыңдалып келе жатқан жастарды көрдік.

Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткендер диплом және бағалы сыйлықтарға ие болады. Ал, үздігі Оралхан Бөкей оқуларының облыстық кезеңіне жолдама алмақ.

 

Берік Қасен