Балалар

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі кеңес отырысы

 

Жергілікті ұйым көшбасшыларының қатысуымен мұндай кеңес алғаш рет өткізіліп отыр. Басқосуда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асуы мен былтырғы жылда атқарылған істер баяндалып, алдағы жоспарлар айқындалды. Өңіріміздің белсенділерімен өткен жиынды СҚО әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов ашты.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Бүгінде өңірімізде жастар қоғамдық ұйымдары жақсы жұмыс істеп келеді. Олар жастар саясатын жүзеге асыру бойынша кездесетін мәселелерді көтеріп, кешенді түрде барлығын шешуге тырысады. Алдағы уақытта та бұл қарқыннан таймау керек.

 

Бүгінде облыста 60-тан астам жастар қоғамдық ұйымы жұмыс істеуде. Оның 11-і аудандарда орналасқан. Олар былтыр 210 мың адамның қатысуымен 6030 шара өткізген. Алдағы уақытта да “Мәңгілік ел” тақырыбында республикалық дебат турнирін, жас депутаттар форумын және “Жас отбасылар” сайысын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 53 әлеуметтік маңыздағы жобалар жүзеге асырылмақ. Оған 39,8 млн. теңге қарастырылған. Жиында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда қаржының жетіспеушілігі қолбайлау болып отырғандығы да айтылды.

 

Виктор Молодовский, СҚО жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы:

– Жастар ұйымдарының атқарған жұмыстарын айта келе, проблемаларға да тоқталғым келіп отыр. Біріншіден, елді мекендерде үкіметтік емес ұйымдар жеткіліксіз. Екіншіден, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда аудандық әкімдіктер тарапынан қаржыландыру жағы ақсап тұр. Нәтижесінде, аталған ұйымдар мемлекеттік тапсырыстарға қатыса алмауда.

 

Бұл бағытта үлгілі жұмыс істегендердің бірі – Уәлиханов ауданы. Мұндағы белсенділер жастарды еңбекпен қамтуда, оларды спортқа баулып, арасында дарындыларды анықтау бойынша бірқатар шаруа тындырған.

2009 жылы құрылған “Облыстық студенттер альянсы” да нәтижелі жұмыс атқаруда.

Жиында, сондай-ақ, келешекте атқарылатын ауқымды істер айқындалды.

 

Бану Ахметова