Қоғам

Көші-қон заңнамасына енгізілген өзгерістер талқыланды

Бүгінде еліміз еңбек мигранттарының саны бойынша 9-шы орында. Шетелдіктердің ел аумағына келіп кетуін бақылауды жетілдіру үшін көші-қон заңнамасына бірқатар толықтырулар енгізілді. Жаңартылған құжат 2013 жылдың 10 желтоқсанында заңды күшіне енді.

 

Асламбек Көшенов, Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы:

Заңның көздегені шетел азаматтарының жеке тұлғаларда жұмыс жасауына рұқсат беру тәртібін жеңілдету болып табылады. Еңбек және салық заңнамаларында сырт мемлекеттен келушілерге бірқатар қосымшалар кірістірілді.

 

Өзгертулер келімсектерді үй шаруасына жалдаушыларға қатысты бірқатар ережелерді де қарастырады. Енді ондай жеке тұлғалар шетелдік азаматты жұмысқа алатыны туралы арнайы органды хабарландырып, ай сайын 2 АЕК мөлшерінде төлем жасап отырады.

 

Бауыржан Садуақасов, СҚО ІІД көші-қон полициясы басқармасы басшысының орынбасары:

-Рұқсат қағазы 3 айға дейін беріледі. Ел аумағында болу уақытын ұзартуға болады. Тек бір жылдан аспаса болғаны. Салық департаментіне жеке табысы жөнінде декларация тапсырмаса келесі жолы шекара аттап кіруіне тыйым салынады. Жұмыс беруші 5 мигранттан артық адаммен еңбек келісімін жасай алмайды.

 

Егер де табыс көзін ұсынушы ережені ескермесе, 30 АЕК мөлшерінде айып төлеуге мәжбүрленеді. Ресми мәліметтер бойынша елімізде 200 мыңға тарта шетелдік еңбек етеді екен. Алайда бұл ақпар шындыққа жанаспайды дейді мамандар. Негізінде елімізде пайда тауып жүрген мигранттардың саны 5 есеге дейін артық болуы мүмкін.