Қоғам

2013 жылы өңірдегі жұмыс берушілердің өз қызметкерлеріне еңбекақы берешегі 560 млн. теңгеге жетті

 

Еңбек инспекциясының қызметкерлері өткен жылы 700-ден астам кәсіпорынды тексерген. Нәтижесінде 2 мыңға жуық заңбұзушылық анықталып, мыңнан астам борышкер жауапкершілікке тартылды.

 

Арман Жәлелов, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалақыны уақытылы төлеу бойынша 191 ұйым тексерілді. Олардың ішінде еңбекақы бойынша қарыз 560 млн. теңгеден асады. Соның 528 млн. теңгеден астамы өтелген. Барлық істерге қатысты ескертулер жасалды.

 

Жыл сайын жұмыскерлерінің маңдай терімен тапқан қаржысын бермей, жалтарып жүрген кәсіпорындар да баршылық. Айта айта жауыр болған сондай мәселенің бірі «СП Транс Авто» ЖШС-не қатысты. Қазіргі күні кәсіпорынның қызметкерлер алдындағы берешегі 20 млн. теңгеден асып жығылады.

 

Тілектес Шөкетаева, СҚО прокуратурасы 1-ші басқармасының аға прокуроры:

-«Богви», «Баско», «СП Транс авто» ЖШС  қызметкерлеріне еңбекақыны жыл сайын төлемейтін кәсіпорындардың қатарында. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыру беруге болады. “Богвидің” құрамына кіретін 15 серіктестіктегі қарыздың өзі 15 млн. теңгеден асады.

 

Қоғамдық кеңес мүшелері осындай кәсіпорындарға қатысты нақты шараларды қолға алу қажеттігін айтты. Жиын соңында аталған мәселені шешуге қатысты бірталай ұсыныстар жасалды.

 

Әлия Құсайынова, СҚО прокурорының көмекшісі:

– Ең алдымен, аталған проблемаларды шешу үшін кәсіпкерлер палатасымен бірге нақты шаралар жоспарын құру керек. Екіншіден, борышкерлерден қарызды өндіріп алудың өзге де тетіктерін іздеп салық органдарымен іс-шаралар легін ұйымдастыру қажет.

Мағжан Ахмадина