Энергетика

Солтүстікқазақстандықтардың “Севказэнергосбыт” ЖШС берешегі 140 млн теңгеге жеткен

 

Ең алдымен сот орындаушылары мен “Севказэнергосбыт” ЖШС-нің өкілдері Интернационал көшесі, 4 мекен-жайында орналасқан 100-ші пәтердің есігін қақты.

Өкінішке қарай баспана иесі Сенкібаева үйінде жоқ болып шықты. Есікті бізге пәтер қожайынының қызы ашты. Олардың жылу мен жарыққа берешегі 87 мың теңгеге жетіпті.

Сондай-ақ, рейдті ұйымдастырушылар Украин көшесі, 230 мекен-жайындағы 19-шы пәтердің иесі Кузевановаға келді. Азаматша осыдан 7 жыл бұрын қайтыс болыпты. Дегенмен пәтерде тұратын оның қызы мен немересі “Севказэнергосбыт” ЖШС жылу мен жарыққа соңғы рет 2012 жылдың 23 желтоқсанында төлепті. Қазір мойындағы қарыз 314 мың теңгеден асқан.

Бұдан кейін осы көшеде орналасқан тағы екі пәтердің есігі қағылды. Бірінің берешегі 300 мың теңгеге жақындаса, екіншісінің қарызы осы сомадан артық. Сот орындаушылары соттың шешімінен кейін  борышкерлердің қарызы 200 мың тг-ден асып кеткен жағдайда пәтерін тәркілеуге құқылы болады. Баспаналарынан айырылғалы тұрғын борышкерлерге сотқа шақыру қағаздары тапсырылды.

 

Азат Бекқожин, СҚО сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы:

– Қазір өндірісте 700 іс жатыр. Бұның барлығы, “Севказэнергосбыт” ЖШС-ң пайдасына орындалуы тиіс. Біз берешекті азайту мақсатында рейдттерді әр апта сайын ұйымдастырудамыз.

 

Осы рейдте сот орындаушылары қарызға батқан тағы 10 шақты пәтердің есігін қақпақ. Ал, жалпы өңір тұрғындарының аталған серіктестікке жарық пен жылуға берешегі 140 млн теңгеге жетіпті.

 

Бану Ахметова