Қоғам

ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Абдіқасовтың Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары

 

Солтүстікте өзге ұлт өкілдері көп тұрады. Сондықтан ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Абдіқасов біздің өңірдегі діни ахуалға көп көңіл бөлу керектігін айтты. Және сырттан төнетін түрлі ағымдарға төтеп беру үшін бірлесіп жұмыс атқаруымыз керек деді. Ортақ іске барлық деңгейдегі имамдар атсалысуы тиіс.

 

Ерлан Абдіқасов, ҚР Дін істер агенттігі төрағасының орынбасары:

– Мәселен, өткенде Атырау облысына барып келдім. Ол жердегі діни ахуал ақсап тұрғаны бәрімізге мәлім. Кері ағымға кетіп жатқан тұрғындардың арасында балалар да бар. Сондықтан өңірлерге сырттан теологтарды алдыруға, өз арамыздағы білімі мықты имамдардан дайындауға біздің мүмкіндігіміз жетеді. Діни басқарма арқылы Мысыр мен Түркияға көбірек оқуға жіберу керек.

 

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы елордалық мейманға дін бағытында солтүстік өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Биыл “Қызылжар” орталық мешіті өңір имамдарын Мысыр, Түркия мен өзге де мұсылман елдеріне оқуға жіберіп жатыр. Олардың арасында қыз-келіншектер де бар.

 

Кенжетай қажы Байкемелұлы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

-Биыл өзімізде қыз-келіншектерді оқытатын арнайы белгіленген ұстазды шақыртамыз. Оның жалдайтын пәтері мен басқа да мұқтаждықтарын өз мойнымызға алмақшымыз. Одан кейін бізге тағы 3 имам келейін деп жатыр. Оның екеуі медресе, біреу «Нұр мүбәрәк» университетін тәмамдайын деп жатыр.

 

Күні бүгінге дейін бізге келетін имамдардың тұрғын үй мәселесі шешілмей келеді. Барлығы пәтер жалдап тұрады. Осы ой отырыста қозғалды. Сондай-ақ өңір мешіттеріне теолог маман да қажет болып тұр.

 

Кенжетай қажы Байкемелұлы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Біздің имамдарға ең болмаса осы жер мәселесін шешіп берсеңіз екен. Соған ең болмаса бір кішігірім үй салып берер едік.

 

Қазір жергілікті жерде де діни сауат ашу мәселесі тура жолға қойылып жатыр. Бүгінде “Қызылжар” орталық мешітіндегі медреседе 150-ден астам ауыл, аудан имамдары қайта даярлау курсынан өткен. Қазір тағы 10-ы оқуға келді. Мұнда олар діни білімін көтеріп, өз жұмыстарына аса кажет бухгалтерлік есеп, мемлекеттік жалпыға ортақ заңнамаларды оқыған.

 

Оңдасын Кәдіров, “Намазхана” мешітінің имамы, Жамбыл ауданы:

-Оқыған молдалардың тәжірибесін алып, арабша әріптерді үйреніп жатырымыз. Бізге жақсы жағдай жасалған. Тегін жатақхана. Үш мезгіл тегін тамақ береді. Мешітте таңертең 9-дағы сабақ шамалы үзілістермен кешкі 7-8-ге дейін жалғасады.

 

Қазір ауыл имамдарының әлеуметтік жағдайы онша емес. Айтуларынша, айлығы шайлығына жетпейді, үйде оқитын балаларының жағдайын тағы ойлайды. Жиында ҚР Дін істер агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Абдіқасов мәселелерді шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

 

Берік Қасен