Қоғам

ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Абдіқасов ақпараттық-насихат тобымен кездесті

Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің тұратынын ескерсек, олардың тату болуын да ұмытпауымыз қажет. Олардың тілі де, діні де басқа, бірақ мақсаты бір. Ол – бейбіт елде өмір сүру. Алайда, мызғымас достыққа сыртта дінді жамылып, арам ойларын жүзеге асырып жүрген ұйымдардан қауіп бар. Радикалдық ағымдардың арбауынан ақпараттық тұрғыда толық қамтылған, оң мен солды санасымен түсіне білетін сауатты адам ғана құтыла алады. Өңірде құрылған ақпараттық-насихаттау тобы, міне, осы мақсатта жұмыс істейді. Мемлекеттік орган өкілдері, университет оқытушылары, діни қызметкерлер мен дінтанушылар бірлесіп ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіреді.

 

Зәуре Қартова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты:

-Әсіресе, жастар арасында ықпалы дұрыс емес топтарға кіру, сонымен қатар дұрыс дін және дұрыс емес дін арасындағы көкжиекті дұрыс түсінбеу сияқты т.б. мәселелер өте өткір. Осыған байланысты жастардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру қажеттігі туындайды.

 

Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Абдіқасов ақпараттық-насихаттау өкілдерімен бірге өзекті мәселелерді талқылап, олардың жұмысына бағыт сілтеді.

 

Ерлан Абдіқасов, ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары:

-Бұл жұмыста да жалпы насихат болғанымен бұл жерде де мақсатты бір топтармен жұмыс істеу керек. Әрбір топқа қатысты өзіндік бір тақырыбы болуы тиіс. Тақырыптардың тізбегін де жасадық. Қай топта, мысалы, оқушылардың арасында, халықтың арасында.

 

Өңірге кеше кешкісін ат басын тіреген Ерлан Абдіқасов бірнеше діни бірлестіктерді аралап, олардың жұмысын саралады. Содан теріскейдегі діни ахуалды бағалады.

 

Ерлан Абдіқасов, ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары:

-Жалпы, жағдай тұрақты. Әлі де елімізге тән құбылыстар да болып жатыр. Ол -дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуы. Сонымен қатар, кері ағымдағы жүрген тұлғалардың бар болу көріністері де бар. Бірақ, бұл басқа өңірлердегі сияқты өршіп тұрған мәселе емес. Дегенмен де, дінаралық татулық, ұлтаралық татулық, келісім жағдайын көріп отырмыз.

 

Дәстүрлі емес ағымдардың алдын алу мәселесін талқылау Вознесение господня шіркеуінде де жалғасып тапты. Православ христиандарының өкілдері бұл бағытта тиімді жұмыс атқару үшін өз ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, кездесуде діндарлар жуырда Елбасының зайырлы мемлекет атеистік ұғымының синонимі емес деп айтқан сөзін тілге тиік етіп, алайда, бұл бағытта бірқатар түсініспеушіліктердің бар екенін алға тартты.

 

протоиерей Сергий Снопков, Петропавл-Булаев епархиясының хатшысы:

-Бізде әлі күнге зайырлы деген ұғымға қатысты біржақты пікір қалыптасқан. Яғни, тек маймылдан ғана жаратылдық деген. Біз бұнымен келіспейміз және біз бұл туралы әрқашан еске салып отырамыз. Астанадан келген мәртебелі мейманның сапарынан кейін біздің жұмысымыз өз жемісін береді деп ойлаймыз.

 

Ерлан Абдіқасов, сондай-ақ, алдағы уақытта ақпараттық-насихаттау тобына көмекші құрал ретінде дәріс оқуға арналған жинақ шығатынын хабарлады етті.

 

Данаш Хамзина