Ауыл шаруашылығы

Ормандардағы өрт қауіпсіздігі

 

Мағжан Ахмадина, тілші:

-Облыстық табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы алғаш рет көшпелі брифинг ұйымдастырып отыр. Журналистер таза ауада тыныстап, демалыс орнын аралады. Тек кейін дөңгелек үстел барысында ведомство басшысы БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

 

Ең алдымен Қабиден Сәдуақасов өткен жылы атқарылған істерді саралап өтті. Өңірімізде 550 мың га жерге жайғасқан 12 мемлекеттік орман мекемесі бар. Бұл шаруашылықтардың басты міндеті жасыл желек пен жануарларды сақтау. Ормандарда тілсіз жауды болдырмау. Десе де, көп жағдайда табиғат байлығының жалынға орануына адамдар себепкер болады екен.

 

Қабиден Сәдуақасов,СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

-Орман өрттерінің шығуына негізінен адам кінәлі болады. 60 пайызы ауылшаруашылығында, сабандарды жағудан, жабындықтарды күйдіруден болады. 30 пайызы орман қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан орын алады.

 

Соңғы 15 жыл ішінде 9,5 мың алаңда 842 өрт оқиғасы тіркелген. Мамандар үшін өткен жыл қолайлы болыпты. Бірде бір рет теріскей орманын от шарпымаған. Мұны табиғат ресурстары және табиғатиты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары соңғы кезде жасалған қолдаудың арқасында мүмкін болып отыр дейді. 3 жылда облыстық бюджеттен бөлінген 144 млн теңгенің арқасында мұндағылар жаңа техникаларға қол жеткізген.

 

Қабиден Сәдуақасов,СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

-Өткен жылы біз бөлінген қаржыға 10 бейнекешен орнаттық. Ол 20-22 метр биіктікте орналасқан. Орманда шыққан өртті бақылап, апат орын ала қалса, аумағын көріп, тез әрекет жасауға септеседі. Суретті 7 есеге дейін ұлғайтуға қауқарлы. Бізден басқа мұндай құрылғыны республика бойынша Семей орманшылары алған.

 

Ағымдағы жылы орманшылар алғаш рет арнайы қор арқылы техника алуды жоспарлап отыр. Ол мекемелердегі ақылы қызметтердің арқасында жинақталған.

 

Мағжан Ахмадина