Билік

Облыстық әкімдікте “Балапан”, “Ақ бұлақ” бағдарламаларының жүзеге асырылуы, балалардың жазғы демалысы туралы мәселелер қаралды

Алдымен облыстық әкімдіктің отырысында айта-айта жауыр болған балабақша тапшылығы мәселесі көтерілді. Былтыр “Балапан” бағдарламасы аясында өңірімізде тағы 1026 бүлдіршін бөбекжаймен қамтылыпты. 7 мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесі жаңадан салынса, 707 қосымша орындар ашылды. Өстіп балабақша тәрбиесіне қол жеткізген жеткіншектердің деңгейі 89,4 пайызға жеткен. Десе де әлі 9 мыңнан артық балдырған кезекте тұр. Әсіресе өңірдің бас шаһарында мәселе тым өзекті. Өлкедегі 503 шағын орталықтың тең жартысы толық күн жұмыс жасамайтындығы бірқатар мәселелер тудыратын көрінеді.

 

Шолпан Қаринова, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Нақтыланған деректерге сәйкес 2014 жылы жаңадан 870 орын ашылады. Онының 360-сы кеңейтілген нысандардың үлесінен. Береке ауданы мен Мир көшесінде 2 балабақша бой түзейді. Ал М. Жұмабаев көшесінің бойынан әрбірі 280 орынға шақталған типтік балабақшалардың іргесі қаланады. Жалпы биыл мемлекеттік “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыруға 1 млрд. 336 млн. теңгеден артық қаржы бөлінді.

 

Бұл орайда мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің әріптестігін нығайтуға ден қойылуы тиіс. Бұл балабақша тапшылығын жылдамырақ шешудің таптырмас жолы екенін өңір жетекшісі ерекше атап өтті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Кәсіпкерлерге өздеріміз шығуымыз керек. Дайын нысандары болса тіпті жақсы. Біз әр балаға 18 мың теңгеден бөлеміз. Бір типтік балабақшаны салуға 670 млн теңге кетеді. Онымен қатар уақыт. Жеке кәсіпкерлермен әріптестікті нығайтсақ екі жаққа да тиімді. Құрылысқа кететін қаржы жеткіншектердің тәрбиесіне жұмсалады. Мемлекеттік тапсырыс арқылы бизнес те дамиды.

 

Биыл жазғы сауықтыру лагерлерінде 11 800 өңір оқушысы демалады деп жоспарланып отыр. Бұл жалпыға бірдей білім алып жүрген шәкірттердің 17 пайызы. Жолдаманың құны 9,5-30 мың теңге арасында. Әдеттегідей жетім және мүгедек, аз қамтылған отбасыларының балалары үкімет есебінен тегін демалады. Қайырымды шараға қол жеткізетіндердің саны 4 мыңға жуық болмақ. Бұл мүмкіндік бұйырмағандарына мектеп жанында алаңқайлар тұрғызылады. Жалпы өңір шәкірттерінің 83 пайызы түрлі жазғы шараларға тартылмақ.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Лагерьлердің аумағынан бос орындар тауып, қосымша корпустар тұрғызуға болады. Ол үшін бүгінде жылдам жиналатын ғимараттар баршылық. Өзімізде тез көтерілетін материалдар шығарылады. Әр лагерьді 50 орынға ұлғайтсақ, оқушылардың 17 емес 22 пайызы толыққанды демалыспен қамтылады. Осы жағын қарастыру керек.

 

Жиында “Ақ бұлақ” бағдарламасының жүзеге асу барысы да талқыланды. Бүгінде тіршілік көзіне зәру болған 352 елді мекен орталықтандырылған магистральға жалғаныпты. Былтыр ғана 8 ауданда 2,7 млрд. теңгеге 16 таза ауыз су нысаны жаңғыртылды. 162 шақырымдық үлестіргіш желі төселген.

 

Ратмир Усманов, СҚО құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 2014 жылы 34 су нысанының құрылысына 2,93 млрд. теңге қарастырылды. Нәтижесінде 168 шақырымдық жаңа құбыр төселеді. 31 елге топтық тораптан үлестіргіш желі тартылады. Жыл соңына дейін 1,6 мың тұрғыны бар 4 ауылға су жіберіледі. Тағы 3 елді мекенге келетін су сапасы жақсартылады.

 

Облыс әкімі құрылысқа дайындық жұмыстарын жылдамдатуды жүктеді. Мәселен, тапсырыс берілген 580 жобалық сметалық құжаттаманың тек 105-і ғана әзір.

Сондай-ақ күн тәртібінде мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың жұмысы сараланды. Өңірде ондай 223 мекеме бар. Жиынды қорытындылаған Самат Ескендіров көтерілген сұрақтар бойынша тиісті ведомстволар басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

Жеңіс Ермұқанов