Мәдениет

Жас өнерпаздар халықаралық байқаудан бірнеше жүлдемен оралды

 

 

“Вальс цветов” атты бимен №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің оқушылары Сочиде өткен “Роза Ветров” атты өнер байқауында 2-ші дәрежелі дипломға ие болды.

Жалғыз бұл жеңіс емес, білім ошағының 17 тәрбиеленушісінен жасақталған шығармашылық ұжым сайыста 3 бірдей аталым бойынша өнер көрсеткен. Жеке ән айтып, фортепианода ойнаған.

Нәтижесі де жаман емес. 9 бірдей жүлделі орынды оқушылар қанжығасына байлап қайтқан. Халықаралық байқауда өнер көрсеткендердің ішінде жеке ән орындаған Мадина Тугунбаева дипломмен қатар сертификатқа ие болған.

 

Мадина Тугунбаева, №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің оқушысы:

-Вокалмен айналысып жүргеніме 6 жыл болды. Бұл менің бірінші жеңісім емес. Талай рет өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болдым. Осы жарыста Отан туралы әнді орындадым.

 

5 күнге жалғасқан байқаудан жеңімпаздарымыз күні кеше ғана оралыпты. Алған әсерлері де мол. Сайысқа оқушылармен қатар олардың педагогтары да барған.

 

Наталья Фоменко, №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешені директорының орынбасары:

– Былтыр  “Роза Ветров” бақауы біздің қаламызда өткен болатын. Оған қатысқан соң, бізді биыл Сочи қаласындағы жарысқа шақыртты. Еш ойланбастан, қатысып, жүлделі орындарға ие болып отырмыз.

 

Сочиде өткен байқауға Қызылжар ауданының Бескөл аулындағы “Мерей” өнер мектебінің тәрбиеленушілері де қатысты. Олар да қазақ, орыс халық әндері мен билерін билеп, фортепианода ойнаған. Қазақтың қара домбырасымен нақышына келтіріп бірнеше күйді шетелдік қазылар алқасына ойнап беріпті. Сөйтіп, жоғарғы бағаға ие болып, бас жүлдені қанжығаларына байлаған.

Мың бұрала “Қарлығаш ” атты биді билеген мына қыздар да екінші орынды алып қайтыпты.

Ал, жалпы, “Мерей” өнер мектебінен тартысты сайысқа 18 бала барыпты.

Жалпы, халықаралық деңгейде өткен байқауға 5 мемлекет өкілдері қатысыпты.

 

Бану Ахметова