Мәдениет

Сахнагерлердің кәсіби мерекесі

 

1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды «Халықаралық театр күні» деп бекітті. Ондағы мақсат әлемдегі барлық театр қауымдастықтары мен өнер қайраткерлерінің шығармашылық жолындағы татулығы мен байланысын нығайту мен дамыту болып табылады. Кәсіби мерекелерін Н.Погодин атындағы орыс драма театрының ұжымы да қалт жіберген емес.

 

Тимур Кәрімжанов, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

-Төл мерекемізді көрермендерімізбен бірге атап өтуді жөн санадық. Бүгін біз олардың назарына “Ключ для двоих” комедиялық қойылымын ұсынбақпыз. Артынша осы жерде бірқатар қызметкерлерімізді марапаттап, оларға халық әртісі Иван Арчебасов атындағы сыйақыларды табыстаймыз. Үздік деген актерлерді ұжымның өздері таңдады. Ал ең басты қазылар алқасы –   өнерсүйер қауым. Марапатқа ие болатындардың дені солардың көзайымына айналғандар.

 

Н.Погодин атындағы орыс драма театрында бүгінгі күні 105 адам еңбек етсе, олардың 32 актерлер. Солардың бірі -Татьяна Афанасьева. Ол аталмыш театрдың сахнасына 19 жасында шыққан.

 

Татьяна Афанасьева, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы:

-Осы сахнада өнер көрсетіп жүргеніме биыл 19 жыл толып отыр. Үлкенді-кішілі талай спектакльдердегі кейіпкерлерді сомдадым. Мен үшін кәсіби мереке бұл арманымның орындалатын күні. Мәселен өткен жылы “Трактирша” қойылымындағы басты рөлде ойнасам деп армандаған болатынмын, ол жүзеге асты. Барша әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін, ойлаған ойларыңа жете беріңдер демекпін.

 

Өздерінің кәсіби мерекелерінде погодиндық труппа көрермендер назарына “Ключ для двоих” атты комедияны ұсынбақ. Қойылымда басты рөлдерді сомдайтындардың бірі – Алексей Никулин. Ол бұл қойылымда өз жарымен қатар оның құрбысын өзінің нақсүйеріне айналдыратын болады. Алайда актер қойылым желісін алдын-ала жария етуден бас тартты.

 

Алексей Никулин,Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

-Комедияның қалай басталып, қалай аяқталатынын айтатын болсам, ол көрермендерге қызықсыз болып қалады. Сондықтан мен мың рет естігеннен, бір рет көрген артық деген ойды ұстандым. Бағамызды көрермендер бере жатыр спектакль барысында. Жалпы айтатын болсам, театр – менің бар өмірім. Барша театр саңлақтарына төл мерекелерің құтты болсын демекпін.

 

Халықаралық театр күні – бұл театр қайраткерлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, күллі өнерсүйер қауымның төл мерекесі. Ортақ мейрам баршамызға құтты болғай.

 

Самат Есмағи