ТЖ

Өрт бақылау инспекторларының облыстық байқауы

 

Тілсіз жаудың алдын алып, үстемдік құруына тұсау қою. Бұл маңызды шаруа өртті бақылау инспекторларының міндеті. Былтыр ғана өңір ғимараттарының өрт қауіпсіздігіне сайлылылығы мың мәрте тексеріліпті. Нәтижесінде оттың өршуіне жол беруі мүмкін деген 5 мыңға тарта заңбұзушылықтың орны толтырылған. Ортақ ережені елемеген 1,5 мыңға тарта азамат жауапқа тартылды. Кезекті рет жауапты қызметтегілердің кәсіби деңгейі сүзбеден өтіп, облыстық байқауда сыналып жатыр.

 

Ербол Қуанышев, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы:

– Байқауға еңбек өтілі үш жылдан асқан, соңғы 12 айда тәртіптік жауапқа тартылмаған инспекторлар қатыстырылады. Тәжірибелі мамандардың біліктілігі екі кезеңде сыналуда. Алдымен нормативтік-құқықтық базаны қаншалықты меңгергендіктерін көрсетулері тиіс. Теориялық турға бір сағат уақыт беріледі.

 

Өз ісінің хас шебері тестегі бас-аяғы 60 сұраққа жауап беруі керек. Өрт қауіпсіздігі ережелері, өзге де қызметтік актілер, жемқорлықпен күрес заңнамаларын білу деңгейі сарапталады.

20 сайыскердің тек 12-сі ғана мүдірмей екінші кезеңге өтті. 10 қате жауапқа бой алдырғандары жарыстан ығыстырылды. Өстіп сайдың тасындай іріктелген өрт сақшылары білімдерін іс жүзінде дәлелдеуге тырысты. Тәжірибелік сында нысандағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы қадағаланды.

Қорытынды кезеңнен де сүрінбеген үздік тілсіз жау күрескері өңір намысын республикалық сында қорғайтын болады. Байрақты байқау алдағы сәуір айында Елордамыз Астана қаласында өтеді.

 

Жеңіс Ермұқанов

 

/p