Қоғам

Эпилепсия ауруына шалдыққан бүлдіршінге ота жасауға көмек қажет

 

Әлихан Таласпайдың жасы не бары 4-те ғана. Бүлдіршінде эпилепсияның алғашқы белгілері 4 айлығында байқала бастапты. Қазіргі уақытта дерті асқынып барады. Жиі-жиі талып қалатыны бар. Бұл негізі мидағы кінәраттан туындайтын ауру. Сондықтан оған шұғыл түрде Германияның Фогтаройд қаласындағы емханада 2 апталық стационарлық тексерістен өтіп, әрі қарай емделу қажет. Ол үшін 90 мың еуро керек. Әлиханның әке-шешесі қарапайым жандар. Екеуінің тапқан қаражаты ем-домға қажетті сомаға жетпейді. Сондықтан қайырымды жандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Әлиханға аз да болса көмек көрсету мақсатында өңіріміздегі “Жас Отан” ЖҚ белсенділері осы “Жарқын өмір сүр – жақсылық жаса”атты қайырымдылық кешті ұйымдастырып отыр.

 

Екатерина Старостина, “Жас Отан” ЖҚ белсендісі:

– Бұндай қайырымдылық кешті осымен 2-шы жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Былтыр Лиза есімді кішкентай қызға көмек көрсеткенбіз. Енді, Әлиханға қол ұшын бермекпіз. Алдағы уақытта да біз бұндай қайырымдылық кештерін жиі өткізбекпіз. Одан жиналған қаражат ауру балалардың еміне жұмсалынатын болады.

 

Әлиханға көмек көрсетуге келгендердің дені жастар. Олар қайырымдылық кештің билеттерін 500 теңгеге сатып алып, тамшыдай болса көмектерін тигізді.

Әлихан дүние есігін ашқалы екі-ақ рет суретке түсіпті. Ол да болса 6-айлығында. Әкесінің айтуынша қаражат дер кезінде табылса, баласының құлан таза айығатынына германиялық дәрігерлер кепілдік беріпті.

Қайрымдылық концерттен бар-жоғы 60 мың теңге жиналды. Әлиханның отбасы қайырымды жандардың бұл істен сырттап қалмайтынына сенімді.

 

Бану Ахметова