Денсаулық сақтау

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова кардиологиялық орталықта болды

 

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мен облыс әкімі Самат Ескендіров кардиологиялық орталықта болып, ондағы мүмкіндіктермен танысты. Барлық бөлімшелерді аралаған меймандар осында ем-дом алып жатқан емделушілердің ахуалын да сұрап білді. Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғыны Нұртай Минашев осы айдың 13-інде жүрек қан тамырларына ота жасатыпты. Қазір сауығып келемін дейді-ол.

Құрметті меймандарды мұндағы ақ халатты абзал жандардың жалақысы да қызықтырды. Орташа еңбек ақы 218 мың теңге екен.

Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова ангиографиялық кабинеттегі заманауи жабдықтардың мүмкіндіктерімен танысты. Мұнда күніне орташа есеппен 7-8 ота жасалады екен.

 

Мақсат Құдратоллаев, облыстық кардиологиялық орталықтың дәрігері:

– Бұл кабинет тағы қосымша жасанды вентилияция аппаратымен жабдықталған. Қазір осы құрылғының көмегімен емделуші Соснов Анатолий Яковлевичті тексеріп жатырмыз. 69 жасар ер адамда ишемиялық жүрек ауруы. Онда алдыңғы күрек тамыры сыр бере бастаған.

 

Соңғы жылдары облыста жүрегінде ақауы бар тұрғындардың өлім-жітімі азайыпты. Бұл медицинаның дамуына да байланысты. Ал, жалпы кардиологиялық орталықтың дәрігерлері жыл басынан 45 ота жасапты. Оның 35-і жүрекке ашық түрде жүргізілген.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Кардиологиялық орталықтың бас дәрігері облыста соңғы 4 жылдың ішінде жүрек ауруларының асқынған түрі 3 есеге кемігенін мәлімдеді. Бұндай мүмкіндіктерге Елбасының ұстанып отырған саясатының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Сіздердің көрсетіп отырған көмектеріңіз үшін алғысымды айтамын.

 

Осы жерде денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров екі жақты меморандумға қол қойды.

Бұл құжат денсаулық сақтау саласын одан әрі кешенді түрде дамытуға бағытталған. Көздегені қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа жеткізу.

 

Бану Ахметова