Білім

Облыс әкімі Самат Ескендіров пен ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов меморандумға қол қойды

 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың ақпараттық жүйесі таныстырылды. Бұл жоба мұнда 2004 жылдан бері жұмыс істеп тұр. 340 модульден тұратын электрондық ректорат барлық корпустарды жалғайды. Электрондық кітапханаға 17 800-ден астам электрондық басылым енгізілген. Аталмыш порталдың көмегіне күн сайын 5700-ден астам адам жүгінеді.

Бұдан кейін елордалық меймандар университеттің мұражайын аралады. Онда Қазақстан тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер толып тұр.

Ал, мынау – М.Қозыбаев атындағы университеттің   обсерваториясы. Оған орнатылған америкалық телескоптың қуаты соншалық, оның көмегімен минус 40 градус қақаған аязда да жұмыс жасауға болады. Мұнда Германия, Испания мен Нидерланды елдерінен студенттер арнайы тәжірибеден өту үшін келетін көрінеді.

Кейін астаналық меймандар есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатына барды. Олар мұнда білім ошағының материалдық-техникалық базасымен танысып, балалар үшін жасалған жағдайлардан құлағдар болды. Бүгінде түзету мекемесінде 151 оқушы білім алады. Кездесуде интернат ұжымы кейбір балаларға арнайы кохлеарлы аппараттың қажет екенін алға тартты.

 

Фархад Куанганов,СҚО әкімінің орынбасары:

-Біз сіздерге есту кемістігі бар балалар мектеп- интернаты базасында оңалту орталығын ашсақ деген ұсыныс айтамын. Біз осылайша өңіріміздегі есту кемістігі бар балалардың 95 пайызын толыққанды өмірге қайтарғымыз келеді. Бұл үшін білім саласында арнайы бағдарлама шықса деймін.

 

Кейін Гүлшара Әбдіқалықова мен Аслан Сәрінжіпов Қазақ мектеп-гимназиясында өткен жылы қолға алынған жаңа робототехника үйірмесінің жұмысымен танысты. Білім ошағындағы мұражайды аралап, спорт зал, бассейндердің жабдықталуын да байқады. Мектепте оқушылардың қай мамандыққа қабілеті бар екенін анықтауға көмектесетін арнайы жүйе жұмыс істейді. Оның көмегімен әрбір оқушы Қазақстандағы 8000 мамандық болса, соның қайсысы оған жақын екенін сауалнамаға жауап беру арқылы 20 минуттың ішінде біле алады. Әзірге, бұл өзгеше жоба Петропавл, Маңғыстау мен Алматыда ғана бар.

Бұдан кейін Білім және Ғылым министрі Аслан Сәрінжімов пен СҚО әкімі Самат Ескендіров теріскей өңірінде білім беру саласын жетілдіру туралы меморандумға қол қойды.

Алдағы жылдарда осы құжат аясында Елбасы Жолдауында жүктелген бірінші мәселенің басы қайрылмақ. Соның бірі – облыста 3 пен 6 жас аралығындағы 9000 балғынды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту қажет. 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу бағытында да бірталай жұмыстар атқарылмақ. Мүгедек балалар да назарсыз қалмайды.

 

Берік Қасен