Аптадағы маңызды жаңалықтар

Булаев қаласында жаңа емхана ашылды

 

Айта кету керек, жаңа емхана Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша бой көтерген. Оның құрылысына ел қазынасынан бағытталған қаражат 1,5 миллиард теңгеге жуық.

Нысанның іргетасын қалау жұмыстары 2012 жылдың тамызында басталған-тын, мердігер компания оны діттеген мерзімде аяқтап, халық игілігіне тапсырды.

100 мектеп, 100 аурухана бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Оның аясында бүгінде еліміз бойынша 70-тен астам жаңа емдеу мекемесі қолданысқа беріліп, халық игілігіне жұмыс істеуде. Бұл нысан да солардың біріне айналатынына сенімдімін деді өз сөзінде денсаулық сақтау министрі.

 

Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Бүгінде Елбасының 100 мектеп, 100 аурухана бағдарламасы 70 пайызға орындалды деп айтуға толық негіз бар. Оның қатарын сіздердің емханаларыңыз толықтырып отыр. Алдағы мақсат қалған 30 пайызды жүзеге асыру. Ол жұмыстарды 2016 жылға дейін аяқтаймыз. Ауырмаңыздар, емдеу мекемесіне тек денсаулықтарыңызды қаратуға ғана келіңіздер демекпін.

 

Бұдан соң салтанатты түрде нысанның таспасы кесіліп, елорлдалық меймандар емхана ішін аралап көрді. Ол барлық сұраныстарды қанағаттандыруға қауқарлы. Емдеу мекемесі соңғы үлгідегі заманауи қондырғылармен жабдықталған.

 

Валерий Уваров, аудандық емхананың бас дәрігері, М. Жұмабаев ауданы:

-Қондырғылардың өзіне жұмсалған қаражат 500 миллион теңгені құрайды. Барлығы шетелдік, өткен жылы шығарылған. Заманауи аппараттар кез-келген сырқат түрін толыққанды зерттеуге мүмкіндік береді. Олармен жұмыс істейтін мамандар тапшылығы жоқ.

 

Дәрігерлер штаты толық. Олардың саны 45 болса, бесеуін жас мамандар құрап отыр. Солардың бірі -Диана Форш. Дәрігер жұмысқа жақында орналасыпты.

 

Диана Форш, Жұмабаев аудандық ауруханасының жасөспірімдер терапеві:

-Жаңа емхана ашылысымен жаңа мүмкіндіктер туып отыр. Еңбек жолымды өзімнің өскен жерімде бастағаныма қуаныштымын. Мен үшін бәрі жаңа еңбек жолым да, еңбек ететін жерім де.

 

Заманауи қондырғылармен жабдықталған жаңа емхана кез-келген ауруды анықтауға қауқарлы. Тұрғындар бұрындары қандайда бір сырқат түрлерін анықтату үшін облыс орталығына сабылатынбыз, ендігі жерде оның қажеті болмайды дейді.

Медицина мекемелері заман ағымынан қалыспай дамып келеді, ол қуантарлық жәйт. Алайда ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде деген нақылды естен шығармаған жөн дейді ақ халаттылар.

 

Самат Есмағи