Билік

Алдағы айдан бастап зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері өседі

 

 

Ең алдымен «Нұр Отан» партиясы ғимаратында кездесу өткізген Тамара Дүйсенова өз баяндамасын жағымды жаңалықтан бастады. Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап, зейнетақы мөлшері мен әлеуметтік төлемдер көлемі артпақ.

 

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Мүгедектік бойынша төленетін жәрдемақы сәуірден бастап 12 пайызға артатын болса, 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап оны тағы да 25 пайызға көтеру жоспарланып отыр. 2014 жылға дейін базалық зейнетақы 9300 теңге болса, 1-ші сәуірден 10 450 теңгеге жетпек. Ал 2015- ші жылдың 1- ші шілдесінен тағы артады. Қазынадан осы мақсатқа 114 млрд теңге қарастырылып отырғанын айта кеткен жөн.

 

Елбасы биылғы жолдауында «Қазақстан мүгедектер үшін кедергісіз аймаққа айналу тиіс» деп айтқан болатын. Осыған орай, қазіргі таңда жарымжан жандарды жұмыспен қамту мәселесі ерекше қарқын алуда. Бүгіндері өңірімзде 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Солардың 19 мыңға жуығы еңбек жасындағы азаматтар. Бір өкініштісі, аймағымызда осы топтағы жандарды жұмыспен қамтуда тек 2 ғана үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді екен. Сондықтан бұл бағытта жұмысты жандандыра түсу қажеттігі айтылды. Ортақ мәселені шешуге кембағал жандар да үн қоссақ дейді. “АРДОС-жүрек” мүгедектер бірлестігінің төрағасы Ақжан Кәрім министрге өз ұсынысын білдірді.Ол 15 мүгедек жан жұмыспен қамтылатын орталық ашпақшы. Онда жарымжан жандарды қоршаған ортаға беймдеуге бағытталған курстар мен арнайы оқу-жаттығулар жүргізілетін болады. Қазіргі күні тек қаржы жағы қолбайлау болып отыр.

 

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

-Біз жыл сайын әлеуметтік тапсырыстарға деп республикалық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы аламыз. Тек сіздер осы жобаны биыл жүзеге асырғыларыңыз келсе, кішкене асығу қажет. Өйткені 15 сәуірде біз барлық құжаттарды экономика министрлігіне жібереміз. Сондықтан үлгеру керек.

 

Сонымен қатар жиын барысында «Бизнестің жол картасы» және «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламаларымен белсенді жас ұрпақты жіті таныстыру қажеттігі айтылды. Бұдан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова селолық округ әкімдерімен кездесу өткізіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының жаңа мүмкіндіктерімен таныстырды. Ендігі жерде жұмыспен қамту орталықтарының директорлары мен ауылдық округ атқамінерлері арнайы оқудан өтеді. Кейін олар өзге өңірлермен тәжірибелерімен бөлісіп, аталмыш жоба жайлы семинарлар өткізу құқығына ие болмақ. Бұл кездесу де жиылғандар тарапынан көптеген сауалдар туғызды. Осыдан соң министр «Республикалық протез-ортопедиялық орталық» АҚ Петропавлдағы филиалына ат басын бұрды. Мұнда ол жасалатын тауармен танысып, жұмысшылармен тілдесті. 70 жылдан астам тарихы бар кәсіпорында қазіргі күні 2 цех жұмыс істейді. Олар жылына мүгедектерге қажетті 2 мыңға жуық аяқ киім әзірлейді екен. Керекті шикізатты Қырғызстаннан алады екен. Кей кездері сол алынатын былғарының сапасы көңіл көншітпейді дейді кәсіпорындағылар.

 

Иван Першуткин,«Республикалық протез- ортопедиялық орталық» АҚ Петропавлдағы филиалының шебері:

-Былғарының сапасы мардымсыз. Кей кездері аяқ киім жасап жатсаң, жыртылып қалады. Ал ол машақатты іс.

 

Күннің екінші жартысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қызылжар ауданы Бескөл кентіндегі «Ахмутдинов» ЖК жұмысымен танысты.

 

Сермұхамет Оралұлы, «Ахмутдинов» ЖК директоры:

-Өткен жылы біз бағдарлама арқылы несие алдық. Оған асхана аштық, техникамен қамтылдық.

 

Ағаштан түйін түйген шебер қазір 60-қа жуық ауыл тұрғынан жұмыспен қамтып отыр. Мұнда жиһаз, құрылыс пен тұрмысқа қажетті заттар жасалады. Кәсіпорын қызметкерлеріне де жақсы жағдай жасалған.

 

Сермұхамет Оралұлы, «Ахмутдинов» ЖК директоры:

– Санаторийге кәсіпорын есебінен барады. Асхана тегін. Баспанамен қамтып отырмыз

 

Осыдан соң республикалық ведомство басшысы тiрек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған облыстық интернат-үйiнде болды. Мұнда министр балалармен әңгімелесіп, қандай әдістермен оқу оқып, білім алатындығын сұрады. Жалпы білім ошағында қазір 20-ға жуық солтүстікқазақстандық жас тәлім алуда.

 

Мағжан Ахмадина