Билік

2015 жылғы шілденің 1-нен еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі

 

Ағымдағы жылдың 1-сәуірінен бастап жалақы мен түрлі әлеуметтік төлемдердің көтерілетіндігі бұқара үшін жағымды жаңалық. Енді орташа зейнетақы 46 мың 661 теңгеге жетпек. Бұл бүгінгіден 14 пайызға артық. Оның шарапатын 2 млн-ға жуық аға буын өкілі көрмек. Көпбалалы аналар мен аз қамтылған жанұялар, мүгедектер мен асыраушысынан айрылғандар да назарсыз қалған жоқ. Барлығы 4,5 млн-дай қоғамның әлжуаз тобына берілетін әлеуметтік төлемдер 12% өседі. Сондай-ақ азаматтық сала қызметкерлерінің еңбекақысын 10% көбейту үшін де қыруар қаржы қарастырылыпты.

Сондай-ақ аталмыш ведомство басшысы келер жылдың 1 шілдесінен мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің табысын арттыру көзделіп отырғандығын да мәлімдеді. Жаңа жүйеде азаматтық маман иелерінің лауазымдары 4 санатқа бөлінген. Басқарушылық, негізгі, әкімшілік-шаруашылық және техникалық деген топтарға жіктеледі. Еңбекақы олардың білімі мен дайындығына байланысты төленбек. Мұнымен қоса, жұмыстың жауапкершілігі мен күрделілігі де ескеріледі. Бір сөзбен біліктіліктері сүзбеге түседі.

Бұл әсіресе денсаулық сақтау және білім салаларының қызметкерлеріне тікелей қатысты. Бұл тізімде мәдениет және спорт саласының мамандары бар. Бүгінде елімізде дәрігерлер жалақысының – 38 пайызы, ал мұғалімдердің еңбекақысының 48 пайызы ғана негізгі қызметтері үшін төленеді. Қалғанын қосымша жұмыстар үшін берілетін төлемдер құрайды. Ендірілетін жаңа жүйесі бұл олқылықтың орнын толтырмақ. Осының негізінде дәрігерлердің табысы 28, мұғалімдердің жалақысы – 29, ал әлеуметтік қорғау саласы мамандарының еңбекақысы 40 пайызға дейін көтеріледі.

 

Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Жалақыны 10 пайызға өсірілетін күн жақын қалды. Аз уақытта біраз шаруа тындыру керек. Келесі айдан көтерілген еңбекақы халық қолына тию үшін кешенді шараларды тездету қажет. Ал келер жылғы жаңа жүйенің енгізілуіне 1 жыл бар деп қарап отыруға болмайды. Қыруар қаржыны қайта есептеуге көп уақыт кетеді.

 

Жаңа жүйенің басты мақсаты – әр салада еңбек етіп жүрген негізгі қызметкерлерді анықтап, олардың еңбегін дұрыс бағалау. Қадірменді меймандар осыған қатысты сауалдарға жауап беріп, жүйені егжей – тегжейлі түсіндірді.

Қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастама жерлестеріміздің көңіліне қонды. Ендігісі сөзден іске көшу деді өңір жетекшісі.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Бүгін меймандармен жалақының жаңа жүйесіне қатысты бірқатар келісімдерге тұрдық. Көптің қамын ойлайтын маңызды бастама. Солтүстікқазақстандықтар да ұлттық жобадан шет қалмай, өз ұсыныстарын білдіріп, бірлесіп жұмыс жасауға дайын.

 

Жеңіс Ермұқанов