Қоғам

2013 жылы өңірде 2 мыңдай еңбек заңнамасын бұзу фактілері анықталған

 

Мемлекеттік еңбек басқармасының басшысы Амантай Сейфулин журналистермен әңгімені өткен жылдың қорытындысынан бастады. Бір жылдың ішінде инспекторлар 737 тексеріс жүргізіп, еңбек заңнамасына қатысты 2 мыңға жуық заңбұзушылықты анықтаған.

 

Амантай Сейфуллин, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

-1047 лауазымды және заңды тұлға айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы – 56,1 млн. тг. Оның ішінде 37,3 млн. еңбек қатынастарының бұзылғаны үшін. Айыппұлдың 41,7 млн. теңгесі өндіріліп алынды.

 

Қордалы мәселелердің бірі – жалақының уақытында төленбеуі. Жыл басынан 25 кәсіпорынның өз жұмысшыларына қарыз екендігі белгілі болған. Берешектің көлемі – 82 млн. теңге.

Амантай Сейфуллин “Диорит LTD” компаниясында туындаған түсініспеушілік туралы да айтып берді. Мұнда екі жақтың келісімінсіз кесімді шарт жасалғандықтан жүзден астам адам жұмысқа шықпай қойған. Қазір мәселе реттелді.

 

Любовь Мироедова,  МТРА тілшісі:

-Қай кәсіпорындарда заңбұзушылықтар көп? Оларды азайту үшін не істелуде?

 

Амантай Сейфуллин, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

-Заңбұзушылықтардың басым көпшілігі шетелдік басқарудағы “СП Трансавто” ЖШС-нде тіркелді. Олар жұмысшылардың еңбекақысын тамыз айынан бері төлемеген. Қарыздың көлемі 9 млн. теңгеден асып жығылады. Бүгінде берешектің 6 жарым млн теңгесі қалды. Осы себеппен кәсіпорынның басшысын шақыртып, мән-жайды талқыладық. 15 күннің ішінде бұл мәселе шешіледі деген сенімдемін.

 

Брифингте өндіріс орындарында болатын жазатайым жағдайлар туралы да сөз болды. Олардың көбісі агроөнеркәсіп кешендерінде орын алады екен. Өткен жылы 73 төтенше жағдайдың 13-і қайғылы аяқталды. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар биыл да тіркелуде.

Бүгінде мемлекеттік еңбек инспекциясының мамандары белсенді түрде еңбек заңнамасын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Кез келген азаматқа инспекторларға келіп, аталған құжат бойынша кеңес алуына болады.

 

Данаш Хамзина