Қоғам

Жетім сәбилердің тұсауы кесілді

Аяғын тәй-тәй басуға ұмтылған кішкентай Индира тоғыз айға толды. Ол туғанынан ата-анасының қамқорлығынсыз жетім қалыпты. Бала алғашқы қадамын жасағасын-ақ ежелгі қазақ халқының дәстүрі “Тұсау кесер” рәсімі өтті. Әлбетте, бүлдіршіннің тұсауы ала жіппен кесіледі. Ала жіп ақтық пен адалдыққа жол ашады деген ырым бар қазақ халқында.

 

Әлихан Алпысов, СҚО ақсақалдар кеңесінің мүшесі:

-Мұндай балалар үйі болмаса деп тілеймін. Біздің халқымызға, біздің елімізге тән нәрсе емес. Қазақ халқы жетімін жылатпай, жесірін шеттетпеген. Сондықтан осындай үйлер болмаса екен деп тілеймін.

 

Балалар үйінде Индирадан бөлек тағы 3 баланың тұсауы кесілді. Әрқайсының жасы бірлер шамасында. Олардың барлығы да ата-ананың қамқорлығына мұқтаж. Кейбірінің денсаулығында кінәраты болса, ал енді біріне әке-шешенің алақан жылуы аса қажет. Дегенмен де осы жердегі әр баланы ұлты мен дініне қарап, бөліп жармай, барлығына ерекше қамқорлық жасайды.

 

Анатолий Мишин, Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

-Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында барлығымыз осындай тамаша дәстүрдің куәсі болып отырмыз. Еліміздің барлық халықтары бірлікте және татулықта күн кешуде. Жақында ғана Масленница мерекесін атап өтіп едік, енді міне Наурыз мейрамында жүздесіп отырмыз.

 

Дәстүр бойынша тұсау кесер рәсімі өткесін әр жанұя бұл мерекені бірнеше күн тойлайтын көрінеді. Бүгін бүлдіршіндерге қонақтар жұмсақ ойыншықтар мен тәттілерден базарлық әкелсе, қарттар жағы тұсауы кесілген сәбилерге ақ батасын берді.

 

Сапура Тәшенова, СҚО ақсақалдар кеңесінің мүшесі:

-Сәбилердің тұсауын кесіп жатырмыз балалар үйінде, мұндай сәбилер болмасын, бақытты болсын. Өмірге келген сәбидің ғұмыры ұзақ болсын. Біздің тілегіміз осы.

 

Айта кету керек, тұсау кесер рәсімі қаламызда алғаш рет өткізілуде. Бірақ та ұйымдастырушылар мұнымен тоқтап қалмайтындықтарын жеткізді.

 

Бақыт Сәдуақасов