Билік

Қазақ елі Ұлыстың ұлы күнін тойлауда

 

Мағжан Ахмадина, тілші:

-Наурыз – түркі халқы үшін ортақ мейрам. Бұл мереке – татулық пен достықтың, ырыс пен ынтымақтың символы. Солтүстікқазақстандықтар да Ұлыстың Ұлы күнін ерекше той-думанмен қарсы алуда. Орталық алаңға жиылған қауым бір-бірін құттықтап, жаңа жыл құт әкелсін деген тілектерін жеткізіп жатты.

 

Наурыз – күн мен түннің теңеліп,табиғаттың ерекше бір түрге бөленіп, жаңаратын кезі. Сондықтан бұл күнді ерекше шат-шадыман көңіл күйде тойлау дәстүрге айналған. Орталық алаңдағы ұйымдастырылған шарада тұрғындар ежелгі дәстүрлерге қанықты. Мұнда көктемгі шеру өтіп, шашу шашылды. Ортаға лаулап жанып тұрған тайқазан әкелінді.Ол отбасылық бірлік пен жанұяның тыныштығын білдіреді. Бұл жерде жұртшылыққа наурыз көже ұсынылып, халық назарына өнерпаздар аластау рәсімін көрсетті.

Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қызыр ата аралайды екен. Сол себепті осы түн -«Қызыр түні» деп аталады. Қызыр ата адамдарға дәулет дарытып, бақ кондырады деген түсінік бар. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен күн нұрының нышаны – Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен.

Айтулы мерекемен солтүстікқазақстандықтарды өңір жетекшісі Самат Ескендіров құттықтады. Аймақ басшысы өлкеміздегі атқарылған істердің барлығы береке мен бірліктің арқасында мүмкін болып отыр дегенді тілге тиек етті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Шығыс халықтарының жыл басы болып саналатын Наурыз мерекесі достық пен бауырмалдықтың нышаны болып табылады. Қайнарын ғасырлар қойнауынан алатын мерекенің өзіндік дәстүрі бар.Наурыз әрқашан бейбітшілікті, жасампаздықты паш етеді.

 

Қаланың орталық алаңы бірлік пен татулыққа толы этноауылға айналды. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап өңірімізге танымал топтар өнер көрсетті.

Құттықтау сөзден кейін өңір жетекшісі М.Жұмабаев көшесі бойында тігіліген ақшаңқан киіз үйлерді аралады. Аудан өкілдері қадірлі қонақтарды ән-жырмен ақ дәммен қарсы алды.

Көше бойында жайғасқан этно-мәдени бірлестіктер өкілдері де қонақтарды ерекше көңіл күймен қарсы алды. Бірі наурыз көже пісіріп жатса, енді біреулері палау, бауырсақтарын ұсынып әлек.

Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан бері орын алған. Әрқашан наурыз мейрамын тойлауға халық көп шоғырланған. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін Петропавлдың төрінде өткен думанға үн қосты.

 

– Наурыз мейрамы құтты болсын. Ақ мол болсын.

– Барлығына тыныштық, береке-бірлік тілеймін.

 

Той-думан халық ойындарымен де қызықты. Жігіттер күш сынасып, гір көтерді, арқан тартысты, күресті. Ал ат құлағында ойнайтын бозбалалар көкпардан өз араларында мықтыны анықтады. Әжелеріміз халық әндерін шырқап, мереке көркін қыздырды.

 

Мағжан Ахмадина