Спорт

Олимпиадашы Роман Креч Наурыз мейрамы күні жаңа пәтерге ие болды

Жерлес конькиші Роман Кречке облыс әкімінің атынан пәтер кілтін дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин табыстады.

Спортшының өзі мұндай сыйлыққа қол жеткіземін деп ойламаған. Сондықтан жақындары мен әріптестерінің құттықтауын қабылдап жатқан конькиші, қуанышын жасыра алмады.

 

Роман Креч,Олимпиада ойындарының қатысушысы:

-Мен өте қуаныштымын. Өткенде болған келеңсіз жағдайлар әрине бұл әлеуметтік желідегі ғана оқиға. Пәтерім маған қатты ұнады. Әсіресе наурыз мейрамының қарсаңында осындай тосын сый жасап жатқандары қуантады. Барлығын осы жарқын мерекемен құттықтаймын. Облыс басшылығына алғысым шексіз.

 

Екі бөлмелі пәтер Юбилейная көшесі бойындағы 9 а үйде орналасқан. Роман Кречтің айы оңынан туды. Бұл баспанада халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Маргарита Мұқашева, Евгений мен Ирина Эктовтар және Аслан Тоқбаев тұрады.

 

Аслан Тоқбаев, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

-Романды құттықтауға арнайы келдім. Мұндай жағдайлар спортшыларды келешекте үлкен жетістіктерге жетелейтіні анық. Енді көрші боламыз. Мен бұл үйде 2011 жылдан тұрамын. Баспана өте жақсы.

 

Роман соңғы 2 жыл ішінде пәтер кілтін алып жатқан 6-шы спортшы. Жалпы бүгіндері өңір басшылығы аталмыш салаға үлкен көңіл бөлуде. Ерекше жетістіктері үшін облысымыздың 42 спорт майталманы аймақ басшысының шәкіртақысын алып тұрады.

 

Мағжан Ахмадина